Олигарх Александр Клебанов пен Сергей Кан Екібастұз ЖЭО-сы мен жылу желілерін қала әкімдігі иелігіне өткізді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Business News бөлімінің редакторы
Екібастұз ЖЭО-сын кім басқарады / Фото: dknews.kz

Олигарх Александр Клебанов пен Сергей Канға тиесілі «Павлодарэнерго» компаниясы Екібастұз әкімдігіне құны 3,7 млрд теңге болатын ЖЭО инфрақұрылымын беруді аяқтап жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев брифингте айтты.

Министр Екібастұз жылу электор орталығы «Самұрық-Энерго» компаниясына басқаруға берілгенін, оның еншілес компаниясы қазірдің өзінде басқаруды қолға алғанын айтып өтті.

«Екібастұз қаласының жылу кешені туралы сөз болып отыр. Бұл Екібастұз ЖЭО-сы. Тиісті активтің иелері энергетикалық құралдардың бөлігін жергілікті атқарушы органға берді. Қазіргі таңда станса мүлкін жергілікті атқарушы органға толыққанды беру жұмыстары аяқталып қалды. Кейіннен «Самұрық-Энерго» компаниясы басқаруды қолға алады. Шын мәнінде, «Самұрық-Энерго» тиісті активті басқаруға кірісіп кетті. Қазіргі таңда жылумен қамту саласы электр энергиясын өндіру есебінен субсидияланатын бизнестің түрі», – деп жауап берді Алмасадам Сәтқалиев.

2023 жылдың қаңтарында «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС мен Екібастұз қаласы әкімдігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қайтарымсыз сыйға тарту келісімін жасаған. Соған сәйкес компания мемлекеттік мекемеге баланстық құны 1,8 млрд теңгеге тең активтерді берген. Сол жылдың маусым айында компания мен Екібастұз қаласы әкімдігінің Экономика және қаржы бөлімі сыйға тартылған активтерді басқару туралы келісімге келген.

«Павлодарэнерго» аудитттелген есебіне сәйкес, 2024 жылдың мамыр айында «Павлодарэнерго» басшылығы Екібастұз қаласы әкімдігінің меншігіне «Екібастұз» ЖЭО-ның өндірістік және әкімшілік ғимараты мен құрылысын, негізгі және қосалқы қазандық жабдықтарын берген. Бұл активтердің жалпы құны 3,7 млрд теңгені құрайды.

«Павлодарэнерго» компаниясының жалғыз акционері – Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясының (ОАЭҚ) 47 пайыз акциясы Александр Клебановка тиесілі болса, 47 пайызы Сергей Канның иелігінде. Сонымен қатар KIF ENERGY S.À R. L. компаниясы – 4 пайыз, ЦАТЭК компаниясы 1,78% үлесті меншіктеген.

Қос олигарх ОАЭҚ арқылы «СевКазЭнерго» және «Ақмола РЭК» компанияларына да иелік етеді. Олар Forbes нұсқасы бойынша, ең бай қазақстандықтар тізіміне енген. Олардың капиталы 815 млн (12-орын) және 292 млн доллар (31-орын).

Екібастұз ЖЭО-сындағы 2022 жылғы апат

2022 жылғы қыстан Екібастұз тұрғындары тоңып шықты. 2022 жылдың 27 қараша күні Екібастұз қаласы ЖЭО-да апат болып, қазандық агрегаттары тоқтады.

Сол кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Әлихан Смайловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтаруды тапсырды. Қаланы өзі барып аралаған Премьер-министр апатқа кінәлі адамдардың бәрі жауапқа тартылады деп мәлімдеді.

Қыс бойы ЖЭО-да қайта-қайта апат болып, екібастұздықтардың үйлері еш жылымады. Тіпті Президенттің өзі Екібастұздағы үйлерге бірқалыпты жылу беруді тапсырды.

Бұл апат салдарынан компанияға 930 млн теңге шығын келген. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Екібастұздағы апат қайталанбауы үшін жыл сайын 5-9 млрд теңге қажет болатынын айтты. 

Сондай-ақ оқыңыз