Алматы облысы Жамбыл ауданының Беріктас ауылында толассыз жауған жаңбыр салдарынан көлбеу ағыны пайда болып, 15 аула аумағы мен 3 тұрғын үйді су басты. Бұл туралы Төтенше жағдай министрлігі хабарлады.
ТЖМ бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдар инертті материал салынған 2 мың қапшық дайындап, су басқан аумақтар лайдан тазартылып жатыр.
Сонымен қатар арық жүйелері тереңдетіліп, жағдай бақылауда тұр. Бұл жұмысқа ТЖД, жергілікті атқарушы органдар, ТЖМ 28237 әскери бөлімінің жеке құрамынан 100-ден астам адам, 11 мотопомпа мен 16 бірлік техника жұмылдырылған.
Бұған дейін Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында 47 үйді су басып, 400-ден астам үйдің ауласын сел шайып кеткен болатын.