Бұрынғы цифрлық даму вице-министрі Kcell компаниясының басшысы болып тағайындалды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Асқар Жамбакин Kcell компаниясының бас атқарушы директоры болып сайланды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Аружан Махсотова

Цифрлық даму вице-министрі қызметін атқарған Асқар Жамбакин Kcell компаниясының бас атқарушы директоры болып сайланды. Kcell – қазір Бағдат Мусин (бұрынғы Цифрлық даму министрі) `басқаратын «Қазақтелекомның» еншілес ұйымы. Мусин 10 маусымнан «Қазақтелкомның» басқарма төрағасы болып тағайындалғаны белгілі.

2020 жылдың қарашасынан биыл шілдеге дейін вице-министрі болған Асқар Жамбакин жаңа қызметінде Асхат Өзбековті алмастырды. Асхат Өзбеков компанияны 2022 жылдан бері басқарған.

Директорлар кеңесінің шешімімен Асқар Жамбакин Kcell басқарма төрағасы, бас атқарушы директоры лауазымына 16 шілдеде сайланды. Бір күн бұрын өз өтінішімен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі қызметінен босатылған. Kcell-дің жаңа басшысын ұжымға «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин таныстырды.

Асқар Жамбакин 1985 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2007 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын, 2009 жылы Манчестер университетін тәмамдаған. «Саид» бизнес-мектебінің ұйымдастырушылық көшбасшылық бойынша дипломы бар.

Еңбек жолын 2003 жылы «Эйр Қазақстан» ЖАҚ байланыс торабының бірінші санатты байланыс технигі болып бастаған. 2014-2016 жылдары ҚР Ұлттық банкінің төлем жүйелерін басқару және дамыту департаменті директорының орынбасары қызметін атқарған. 2016-2017 жылдары «Қазкоммерцбанк» АҚ департаменті директорының орынбасары, директоры болған.

Қазақстан қор биржасындағы жария мәліметке сәйкес, байланыс операторының 51 пайыз акциясына «Қазақтелеком» АҚ иелік етеді. Ал 14,87 пайыз акциясы Ғалымжан Есеновке тиесілі болса, 9,08 пайызы «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ның меншігінде. Қалған 7,06 пайыз акциясы Single accumulative pension fund JSC тиесілі.

2023 жылдың елтоқсан айының соңында Kcell «Қазақтелекомға» тиесілі басқа үш оператормен (active, Tele2 және Altel) бірге Қазақстан тарихында алғаш рет 5G жиілік диапазонын ойнатқан аукционда жеңді. Аукцион нәтижесінде олар 156 млрд теңге төлейді: бірінші лот бойынша 62,7 млрд, ал екінші лот бойынша 93,87 млрд.

Сондай-ақ оқыңыз