Жаңалықтар

Жамбыл облысында жылына 100 мың тонна мыс концентратын өндіретін кәсіпорын іске қосылады

Жамбыл облысында мыс концентратын өндіретін фабрика іске қосылады. Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Жамбыл облысында қазан айында Шатыркөл кен байыту фабрикасы жұмысын бастайды. Зауыт жылына 98,6 мың тонна мыс концентратын өндіруге қуатты.

Мыс концентраты өндірілетін фабрика қазан айының соңына дейін толық жобалық қуатына шығуға тиіс. Қазір құрылысы 100 пайыз бітіп, техникалық тұрғыда алғашқы өнімін шығаруды бастаған.

Бұл жобаны жүзеге асыруға 94 млрд теңге инвестиция салынған. Фабрикада жылына 1,2 млн тонна кен өңделіп, 98,6 мың тонна мыс концентраты (мыс құрамы 24%) шығарылады. Шикізат Шатыркөл және Жайсан кен орындарынан алынады.

Фабриканы «AAEngineering Group» ЖШС салған. Жаңа жоба бойынша 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Олардың 60 пайызынан астамы облыс тұрғындары болмақ.

Айта кетейік, Жамбыл облысында тау-кен өнеркәсібі саласында 125 кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл 6 айда салада 54,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 102,8%-ға жетіп отыр. Бұл саланың жалпы өндірілген өндірістік өнім көлемінде үлес салмағы 13,1%-ды құрайды.

Бұған дейін Қытай және Ресей компаниялары Жамбыл облысында ірі химия кешенін салатыны хабарланды.

Ресейлік инвестор «ЕвроХим» компаниясы Қазақстанда минералды тыңайтқыштар шығаратын ірі зауыт салады. «ЕвроХим» минералды-химиялық компаниясы мен Қытайдың «China National Engineering Company» (CNCEC) компаниясы келісімшартқа қол қойды.

Аталған келісімшарт Жамбыл облысы, Жаңатас қаласындағы химия кешенін жобалау, салу және пайдалануға беру жөнінде болған. Жоспарланған минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыттың қуаттылығы жылына кемінде 1 млн тонна құрайды. «ЕвроХим» компаниясының Қазақстандағы инвестициялық жобасы 3 кезеңде жүзеге асырылуда. Химиялық кешен құру – соңғы кезең. Инвестицияның жалпы көлемі 1 млрд долларды құрайды. Кәсіпорын сонымен қатар 2400 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз етеді.