Мұнайлы өңірлерде өсім төмен: Қазақстанның қысқамерзімді экономикалық индикаторы қандай?

Жарияланды
Қысқамерзімді индикатор көрсеткіші өсім байқатты / Фото: kursiv.media

2023 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 2024 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстандағы қысқамерзімді экономикалық индикатор 103,9%-ды құрады. Бұл – биыл 4 ай қатарынан төмендеген экономикалық индикатордың алғашқы өсімі. Нақтырақ айтсақ, қалпына келуі. Себебі қаңтар-сәуірдегі индикатор да 3,9 пайыздық тармақты көрсеткен болатын.  

Мұнайлы өңірлерде өсім төмен

Ресми статистикаға назар аударсақ, 2024 жылдың 6 айында мұнай өндіру көлемі 1,6%-ға төмендеген. Атырау және Маңғыстау облыстарында экономикалық өсім былтырғы тиісті жылмен салыстырғанда – (-4,6%) және 0,9% көрсетіп отыр. Атырау облысы теріс көрсеткішті көрсетсе, Маңғыстау облысын республикалық деңгеймен салыстырғанда әлдеқайда төмен болып отыр.

Ақтөбе, Жетісу, Қарағанды облыстары және Астана қаласы 10 пайыздан жоғары өсімге қол жеткізсе, Қостанай, Ақмола, Жамбыл, БҚО облыстары төмен мәнді көрсетті.

Өңдеу өнеркәсібі

Өңдеу өнеркәсібі ағымдағы жылдың алты айында нысаналы индикаторлар шегінде 105,1%-ға өсіп келеді. Бұл қаңтар-мамыр айымен салыстырғанда (105,2%) сәл баяу.  Өңдеу өнеркәсібі салалары ішінде металлургия өндірісі – 108,3%, машина жасау – 109,4%, химия өнеркәсібі – 105,3%, жиһаз жасау – 28,3%, фармацевтиканың – 114,8%-ға өсуі қамтамасыз етілді.

Сауда

Сауда саласы бойынша нақты көлем индексі (НКИ) 2024 жылғы қаңтар-маусымда өткен жылдың тиісті кезеңіне 103,9% құрады. Бұл былтырғы (2023 жылғы қаңтар-маусымда – 110,4%) тиісті кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Бөлшек саудада өсім 105,6% болғанымен, былтырғы жылмен салыстырғанда  (108,8%)  баяу өсім көрсетті. Ал көтерме сауда былтырғы тиісті кезеңдегі 111,1%- дан осы жылдың қаңтар-маусымында 103,3%-ға дейін азайған.  

Көтерме сауда көлемі 2024 жылғы қаңтар-маусымда 18,8 трлн теңгені немесе 2023 жылғы тиісті кезең деңгейіне 103,3%-ды құрады. Көтерме тауар айналымының құрылымында азық-түлік емес тауарлар мен өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдер басым (79,6%).

Республиканың көтерме саудасының жалпы көлеміндегі ең үлкен үлес салмағы 2024 жылғы қаңтар-маусымда Алматы қаласына (37,6%), Атырау облысына (15,8%), Астана қаласына (15,7%), Қарағанды облысына (6,1%) тиесілі.

2024 жылғы қаңтар-маусымда бөлшек сауда көлемі 8,7 трлн теңгені құрады, бұл 2023 жылғы тиісті кезең деңгейінен 5,6%-ға артық. Сауда кәсіпорындарының тауарларды бөлшек саудада өткізуі 7,1%-ға ұлғайды. Дара кәсіпкерлердің, оның ішінде базарларда сауда жасаушылардың үлесі 2023 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 1,7%-ға ұлғайды.

Байланыс секторы

2024 жылғы қаңтар-маусымда байланыс қызметі бойынша нақты көлем индексі тиісті кезеңмен салыстырғанда 108,7%  (2023 жылғы қаңтар-маусымда – 108,8%). Байланыс тұрақты өсу серіпінін жалғастырып келеді. Байланыс қызметінің жалпы көлемінде едәуір үлесті интернет желісі қызметтері, ұтқыр байланыс және өзге де телекоммуникациялық қызметтер алады. Тиісінше олардың нақты көлем индексі 114,6%, 102,6% және 104,3%-ды құрады.

Көлік және қоймалау

«Көлік және қоймалау» секциясының қызметтерінің НКИ 2024 жылғы қаңтар-маусымда өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсімі 107,3%-ды құрады. 2024 жылдың тең жартысында республика бойынша  496,8 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл 2023 жылғы қаңтар-маусым деңгейінен 4,8%-ға өсті. Ал 840 миллионнан астам жолаушы тасымалданды, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 10,3% жоғары болып тұр. Осылайша көлік және қоймалау саласы жоғары қарқынмен өсуін жалғастыра отырып, ЖІӨ-нің өсуіне өз үлесін қосып келеді.

Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы маусымдық өсудің белсенді кезеңіне кірді. Ауыл шаруашылығында өнім өндіру 3,4%-ке өсті, бұл ағымдағы жылғы қаңтар-мамырдың көрсеткішінен 1,8 пайыздық тармаққа жоғары.

Қысқамерзімді экономикалық индикаторды есептеу жеделділікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады және ЖІӨ-нің 60%-нан астамын құрайтын ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс сияқты негізгі салалар бойынша шығарылым индекстерінің өзгеруіне негізделеді. Ұлттық экономика министрлігінің пікірінше, экономиканың баяу өсуіне бірнеше фактор әсер еткенін айтуда. Өткен жылмен салыстырғанда, экономиканың өсу қарқынының баяулауы экономиканың едәуір секторларының дамуына, оның ішінде сауда, көлік, логистика және т.б. шектеуші әсер еткен 10 өңірдегі су тасқыны салдарының әсерімен, сондай-ақ мұнай өндірудің 1,6%-ға қысқаруымен байланысты.

Сондай-ақ оқыңыз