Қатарлық инвестор QazaqGaz жобаларына 11 млрд доллар салады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
General News бөлімінің редакторы
Қатарлық инвестор QazaqGaz жобаларына 11 млрд доллар құяды / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қатарлық UCC Holding компаниясы Қазақстанда QazaqGaz ұлттық компаниясының газ құбырын салу жобаларына 11 млрд доллар инвестиция салады. Бұл туралы Үкімет кулуарында QazaqGaz басқарма төрағасы Санжар Жаркешов айтты.

«Қатарлық инвестор Қазақстандағы төрт газ жобасына 11 млрд доллар құяды. Соның ішінде екі ірі жоба Бейнеу – Ақтөбе – Қостанай, Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырларын салу жобасы бар. Бұл құбырлардың құрылыс жұмыстары біздің жоспар бойынша келер жылы басталады. Қазіргі уақытта техникалық дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді QazaqGaz басшысы. 

Бұдан бөлек, 2025 жылы Талдықорған – Үшарал газ құбырын салу жұмыстары басталатынын атап өтті. Бұл жобаға қаржыны QazaqGaz компаниясының өзі салуды жоспарлап отыр.

Осыған дейін Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 2026 – 2030 жылдары Қазақстанда төрт газ өңдеу зауыты пайдалануға берілетінін айтты.

«Қашаған кен орнының шикізат базасында газ өңдеу зауыттарын салу үшін UCC Holding қатарлық инвесторы тартылды. QazaqGaz ҰК АҚ мен UCC Holding арасында осы жобаларды іске асырудың соңғы шарттары келісілуде», – деді министр.

Қашаған кен орнында қуаттылығы жылына 1 және 2,5 млрд текше метр, Қарашығанақ кен орнында қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр, сондай-ақ, Жаңаөзен қаласындағы ҚазГӨЗ зауыты негізінде қуаттылығы жылына 900 млн текше метр шикізат өндіретін зауыттар салынады.

QazaqGaz – отандық, сондай-ақ шетелдік газ нарығында мемлекеттің мүддеcін білдіретін негізгі газ компаниясы. Қазіргі кезде құрамында 9 еншілес компания бар. Сонымен қатар 4 компанияда қатысу үлесіне ие. 

Компания төрағасы Санжар Жаркешов ұлттық компанияның 1 млрд доллар қарызы бар деген болатын. Бұл қарыз Қытай банкінен Бейнеу-Бозой-Шымкент магистралды газ құбыры бірінші тармағының құрылысына алынған. Одан бөлек, компания отандық банктерге де берешек. 

Сондай-ақ оқыңыз