Жаңалықтар

Зейнетақы жинақтарын “Отбасы банк” депозиттерінде сақтау мерзімі 3 жылдан 6 жылға дейін ұзартылды

Зейнетақы жинақтарын «Отбасы банк» депозиттерінде сақтау мерзімі ұзартылды / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстанда зейнетақы жинақтарынан тұрғын үй сатып алуға алынған ақшаны “Отбасы Банкінің» депозиттерінде сақтау мерзімі алты жылға ұзартылды. Тиісті бұйрыққа Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қол қойды.

Министрліктің бұйрығына сәйкес, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелеріне өзгерістер енгізілді.

«Отбасы Банк» АҚ-да тұрғын үй сатып алу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерімен толықтырылған депозиттерде қаражат жинақтау мерзімі 3 жылдан 6 жылға дейін ұзартылды. Бұдан бөлек, аталған депозитті ерлі-зайыптыларға және (немесе) жақын туыстарына беру көзделген. Бұл ретте, үшінші тұлғаларға беруге жол берілмейді», — делінген құжатта.

Жақын туыстарына берген кезде зейнетақы жинақтары өтініш беруші растайтын құжаттар ұсынылған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде аударылады. Бұйрық ресми жарияланған соң, 10 күннен кейін күшіне енеді.

Бұған дейін қазақстандықтарға коммерциялық банктерде тұрғын үй алуға ақша жинау мүмкіндігі берілетінін жазған. Қазір мұндай қызмет тек тұрғын үй бағдарламаларының операторы ретінде мемлекеттік Отбасы банкінде ғана бар.

Реттеуші мемлекеттік органдармен және банктермен бірге тиісті түзетулер әзірлеген. Өзгеріс қабылданса, банктер қаражат тарта алады. Қаржыландыру шарттарын ескере отырып, тұрғын үйге қарыз бере алады. Сондай-ақ олардың мақсатты пайдаланылуын бақылап, қамтамасыз ете алады. Бастамаға нақты қандай банктер қатысады және шешім қашан қабылданатыны нақтыланбаған.

Бұған дейін, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2021 жылдан 2023 жылдың бірінші жартыжылдығы аралығындағы ипотека нарығына талдау жүргізді. Осы ретте монополияға қарсы агенттік «Отбасы банктің» ипотека нарығындағы үлесін төмендетуді ұсынды. 

Талдау бойынша, мемлекеттік бағдарламалар аясында ипотекалық несие нарығында 4 банк тұрақты жұмыс істейді. Олар бірігіп үстем жағдайға ие. Атап айтқанда, бұл «Отбасы Банк», «Банк ЦентрКредит», Bereke Bank және Freedom Bank. Нарықтағы бәсекелестікті арттыру үшін Агенттік бірқатар шаралар қабылдауды ұсынады. Біріншіден, қарыз алушының әлеуметтік жағдайына назар аудара отырып, ипотекалық несиелерді мақсатты субсидиялау.

Еске сала кетсек, «Отбасы банк» даму институтына айналады. Мұның бәрі Мәжілісте «Тұрғын үй саясатын реформалау» туралы заң жобасы аясында қарастырылуда.