Қазақстандағы депозиттер көлемі бір айда 3,7%-ға өсіп, 35,7 трлн теңгені құрады
Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 2024 жылғы маусымда Қазақстанның депозитарлық ұйымдарындағы жинақтарының көлемі бір айда 3,7%-ға өсіп, 35,7 трлн теңгені құрады.
Бір жыл ішінде көрсеткіш 14,5%-ға өсті. Жеке тұлғалардың жиынтық депозиттері маусымда 19,9 трлн теңгеге дейін артты (+3,6%). Ал банктік емес заңды тұлғалардың жинақтары бір айда 15,9 трлн теңгеге (+3,8%) жетті.
Бұл ретте, депозиттердің долларлану деңгейі (депозиттердің жалпы көлеміндегі шетел валютасындағы депозиттердің үлесі) маусымда (қатарынан үшінші ай) 22% (2023 жылғы маусымда 26%) тарихи ең төменгі деңгейде өзгеріссіз қалды.
Ал айлық өсімге ең көп ықпал еткен:
- Заңды тұлғалардың теңгедегі (мерзімді) депозиттері (+1,21п.м.);
- Жеке тұлғалардың теңгедегі (мерзімді) депозиттері (+0,87 п.м.).
Маусым айында жалпы депозиттік базаның күрт өсуі тіркелді. Оған теңгедегі депозиттер әсер етті.
Қазақстандықтар теңгедегі банктік депозиттерді ақша жинаудың ең сенімді тәсілі деп санайды. Freedom Finance Global компаниясы елдегі азаматтардың жинақ мақсаттарын анықтау мақсатында бастамашылық жасаған зерттеу нәтижелеріне сәйкес, қазақстандықтардың үштен екісінен астамы (70,5%) жеке қаржыларының есебін жүргізеді.