Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифинг барысында Қазақстанда әзірленген онкологияны емдеуге арналған препарат адамдарға клиникалық сынақ жүргізудің бірінші кезеңінен сәтті өткенін мәлім етті. Зерттеуге онкологиялық аурумен сырқаттанған 15 науқас қатысты.
«1 шілдеден бастап тестілеудің екінші кезеңі басталды. Клиникалық сынаққа 3 мыңға жуық адам қатысады. Барлығы 5 мыңнан астам онкологиялық науқас сынаққа қатысуға ниет білдіріп тіркелді. Қаражат Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның шешімімен қарастырылған – зерттеу тобына екінші кезеңді жүргізуге шамамен 2 млрд теңге тамыз айында аударылады. Жыл соңына дейін барлық деректі өңдейміз. Келесі жылы дәрі-дәрмекті тіркеуге шығарамыз деген сенімдеміз», — деді Саясат Нұрбек.
Онкологияның ең агрессивті түрлерінің бірі — тоқ ішек қатерлі ісігінің IV сатысы анықталған науқастар ерікті ретінде қатысқан клиникалық сынақтардың бірінші кезеңінің нәтижесі бойынша препарат тиімділігін көрсетті. Ісік орта есеппен 30%-ға азайды.
Бұл ретте екінші кезең түрлі қатерлі ісігі бар адамдарға дәрі-дәрмекті тексеріп көруді қамтиды. Сынақ Астана, Алматы және Павлодарда өткізіледі.
Бұған дейін Nazarbayev University-ке барған кезде Премьер-Министр Олжас Бектенов жас ғалымдардың, оның ішінде National Laboratory Astana зерттеу тобының әзірлемелерімен танысты. Қатерлі ісікке қарсы тиімді дәрі жасау — мамандардың ең озық жобаларының бірі.
Еске сала кетсек, Денсаулық сақтау министрлігін тексерген Смайылов дәрілердің зауыт бағасынан 172%-ға қымбат сатылатынын айтты.