Өзбекстан мен Қырғызстан Қазақстан арқылы ресейлік газ импортын арттыруды көздеп отыр. Транзиттен түскен пайда қайда жұмсалады?
Қазақстан арқылы Өзбекстан мен Қырғызстанға тасымалданатын Ресей газының көлемі артады. Одан бөлек Түркіменстан мен Өзбекстан газын Қытайға транзиттеу көрсеткіштері де өсуі мүмкін. Бұл жайлы Үкімет сағатында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.
«Өткен жылдың қазан айында Ресей газын Өзбекстан Республикасына транзиттеу іске қосылды. Өткен жылы 1,28 млрд текше метр тасымалданды. Биыл біз оны 3,8 млрд текше метрге дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Кейін тағы да жылына 11 млрд текше метрге дейін ұлғайту көзделеді», – деді министр.
Ол Қазақстанның транзиттік әлеуеті артып келе жатқанын айтып, түрікмен және өзбек газын Қытай Халық Республикасына транзиттеу көлемін арттыру көзделіп отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, биылғы жылы газ транзитін 37,1 млрд текше метрге арттыру жоспарланып отыр. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,5 млрд текше метрге артық.
Одан бөлек Қырғызстанға тасымалданатын ресейлік газ көлемі де артуы мүмкін.
«Біздің білуімізше, қырғыз әріптестеріміз «Газпроммен» Қырғыз Республикасына газды осы транзит арқылы жеткізу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Өйткені Қырғызстан газбен жұмыс істейтін энергетикалық қуатын арттыруды көздеп отыр», – деді ол.
Сонымен бірге министрлік басшысы газ көлемін арттыру үшін көрші Қырғызстан өзінің газ инфрақұрылымына инвестиция құюды жоспарлап отырғанын айтты.
QazaqGaz Ұлттық компаниясының төрағасы Санжар Жаркешовтің айтуынша, Қазақстан газ транзиті артқан сайын пайда да арта түседі. Қытайдың CNPC компаниясының еншілес ұйымы TapLine компаниясымен жасалған келісімшарт бойынша Қытайға тасымалданатын газдың әрбір 1000 текше метрінен Қазақстан 3,58 доллар табыс көреді. Осылайша Қазақстан бұл бағытта газ тасымалдаудан 400-500 млн доллар көлемінде табыс табады.
«Біз сол кіріс есебінен Қазақстан халқына газды субсидиямен беріп отырмыз. Яғни газды жылына 200 млрд теңгеге субсидиялап, ішкі тұтынуға кететін өнімді өзіндік құнынан төмен бағада береміз. Солайша ел экономикасына қолдау көрсетіп отырмыз», – деді компания басшысы.
Ішкі тұтынуға қатысты Алмасадам Сәтқалиев Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан өңірлеріне газдың Ресейден жеткізілуі мүмкін екенін айтты.
«Министрлік солтүстік және шығыс өңірлерді газдандырудың екі нұсқасын зерделеп жатыр. Біріншісі – «Сарыарқа» газ құбырының екінші және үшінші кезегінің құрылысын жалғастыру арқылы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыру. Бұл жобаны жүзеге асыру «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісінің құрылысы аяқталғаннан кейін мүмкін болмақ, бүгінде жобаны бірлесіп жүзеге асыру туралы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Екіншісі – газды Ресейден жеткізу», – деді Сәтқалиев.
Осыған байланысты QazaqGaz бен «Газпром» коммерциялық келіссөздер жүргізіп жатыр. Олар Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарын газбен қамтамасыз ету шарттарын талқылап, экономикалық және техникалық аспектілерді ескере отырып шешім шығармақ. Келіссөздер 2024 жылдың соңына дейін аяқталуы мүмкін.
Еске сала кетейік, QazaqGaz бен «Газпром» Ресей газын Өзбекстан мен Қазақстанға жеткізу жөніндегі қосымша келісімшартқа маусым айында қол қойды.
Мамырда Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев QazaqGaz компаниясы Қазақстан газ тасымалдау жүйесін жаңғыртуға инвестиция салатынын мәлімдеген болатын. Модернизациялау арқылы Ресейдің Өзбекстанға газ экспортын 11 млрд текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік туатыны айтылды. Министр Қазақстанның газ транзитінен қомақты пайда көретінін айтқан еді. Сәтқалиевтің айтуынша, Ресей газын Өзбекстанға тасымалдау жобасы Қазақстан үшін қаржылық та, паритет тұрғысынан тиімді.