Грузия президенті «шетел агенттері» туралы заңның күшін жоюды талап етіп, Конституциялық сотқа шағым түсірді
Грузия президенті Саломе Зурабишвили елдің Конституциялық сотына шағым түсіріп, «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заңның күшін жоюды талап етті.
Президент Грузия парламенті қабылдаған бұл заңның конституцияға қайшы екенін алға тартқан.
«Парламент қабылдаған «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң Конституцияның 78-бабына қайшы келеді. Президент бұл заңның азаматтардың кепілдендірілген құқықтарын бұзатын бірқатар нормалары бар екенін айтып, арыз түсіріп отыр. Президент өз шағымында бұл заңды тоқтатуды немесе толық тыйым салуды сұрап отыр», – деп түсіндірген Грузия президентінің парламенттегі хатшысы Гиоргий Мсхиладзе.
Ал елдің Конституциясының 78-бабында Грузияның сыртқы саясаты еуроатлантикалық интеграцияға бағытталатыны жазылған.
«Шетел агенттері» заңы алдағы бірнеше аптадан соң күшіне енуі керек болған. Сот кезінде бұл заң уақытша тоқтатылуы мүмкін екені айтылады.
Еске салайық, Грузия парламенті заң жобасын мақұлдаған соң, халық бұл заңға қарсылық білдіріп, ереуілге шықты. Олар бұл заң жобасын Ресейдің «иноагенттер» туралы заңымен ұқсас келетінін айтқан.
Ереуілдеушілердің қарсылығына қарамастан, Грузия билігі бұл заңнан бас тартпайтынын жеткізген.
«Бұл мәселе бойынша ымыраға келуге болмайды. Мамыр айының ортасында бұл заң қабылданады, ал бірнеше аптадан кейін президенттің ветосы парламентте ескеріледі, содан кейін заң күшіне енеді», – деп мәлімдеген елдің премьер-министрі Ираклий Кобахидзе.
Заң жобасын Грузияның еуроатлантикалық серіктестері де айыптап жатыр. Еуро Одақтың Тбилисидегі елшісі заңның еуропалық құндылықтарға сәйкес келмейтінін айтты. Ал Германия канцлері Олаф Шольц бұл құжат кері қайтарылады деп үміттенді.
24 мамырда АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен «шетел агенттері» туралы заңға байланысты Грузиямен виза беру мәселесі қайта қарастырылатынын айтты. Ол «Грузин арманы» партиясы парламент арқылы қабылдаған «сыртқы әсердің ашықтығы» туралы заңды сөз бостандығын шектеп, демкоратиялық көзқарасқа кедергі келтіреді деп санайды. Жалпы АҚШ «шетел агенттері» заңын Грузияның оппозиция мен демократиялық бостандығын басып-жаншу құралы ретінде бағалаған.
АҚШ көп кешікпей, «шетел агенттері» туралы заңды қабылдауға себеп болған ондаған Грузия шенеуніктеріне қарсы санкция жариялады. Санкциялық тізімге заңды қабылдауға үгіттеген «Грузин арманы» партиясының басқарушы мүшелері, заңды қабылдаған депутаттар мен заңға наразылық акциясында халыққа күш қолдануға жауапты болған қауіпсіздік қызметкерлері кірді.
АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Мэттью Миллер санкциялар тек алғашқы қадам екенін айтты. Ол алдағы уақытта елді экономикалық шектеулер күтуі мүмкін екенін ескертті.