Сәтқалиев сұйытылған газды стратегиялық маңызы бар мұнай-химия саласының шикізаты ретінде бекітуді ұсынды
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев сұйытылған мұнай газын стратегиялық маңызы бар мұнай-химия саласының шикізаты ретінде бекітуді ұсынды. Бұл жайлы министр сейсенбі күні өткен Үкімет сағатында айтты.
Министрдің айтуынша, бұл шикізат көп елде отын ретінде сирек пайдаланылады және қосылған құны жоғары өнім ретінде бағаланады.
«Сұйытылған мұнай газы әлемнің ешбір жерінде отын ретінде пайдаланылмайды, ол қосылған құны жоғары өнімдерді алудың маңызды элементі ретінде қолданылады», – дейді министр.
Министр алдағы уақытта алкилат пен полипропилен өндіру бойынша жобалар жүзеге асырылатынын, оларға 300 млн доллар инвестиция салу және 2000 жұмыс орнын құру жоспарланып отырғанын айтты. Ал бұл шикізатты өндіруге көптеген мөлшерде сұйытылған мұнай газы қажет екен.
«Инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жылына 345 мың тонна көлемінде сұйытылған мұнай газы қажет. Мұнай-газ-химия өнеркәсібі жобаларын іске асыруда сұйытылған мұнай газының маңыздылығын ескере отырып, мемлекеттік жоспарлау жүйесінде сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химияға арналған стратегиялық бағыт ретінде бекітуді сұраймыз. Сондай-ақ сұйытылған мұнай газы негізіндегі мұнай-газ-химияны дамыту қажеттілігін кеңінен жариялау жөніндегі іс-қимыл алгоритмін әзірлеу қажет деп санаймыз», – деді Сәтқалиев.
Сонымен бірге министр елде бұл отын түрін тұтыну көлемі күн санап артып келе жатқанын айтады. Әсіресе, елдің шекаралас өңірлерінде сұраныс ерекше артқан. Министр бұған Қазақстанда сұйытылған газ бағасының арзан болуы себеп екенін айтады.
Атап айтқанда, Қазақстанда бұл газдың бағасы – 59-94 теңге аралығында болса, Ресейде – 171 теңге, Қырғызстанда – 149 теңге, Әзербайжанда – 323 теңге, Тәжікстанда – 183 теңге екен.
Сондай-ақ сұйытылған газға төмен баға белгілеуге байланысты еліміздің автокөлік жүргізушілерінің осы отынға ауысу жағдайлары жиілеген. Бұл тұтынудың артуына әкеп соғады. Министрдің мәліметінше, өткен жылы газбен жүретін көліктердің саны 582 мыңды құраған. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп. Яғни осыдан екі жыл бұрын мұндай отын түрімен жүретін көлік саны 491 мың ғана болған.
«Келтірілген фактілерді ескере отырып, сұйытылған газдың сөзсіз тапшылығы байқалады, ол шамамен 20-25% құрайды», – деді министр.
Еске сала кетсек, Энергетика министрі осыған дейін де Қазақстанда сұйытылған газ бағасы өзге елдермен салыстырғанда едәуір арзан екенін, оның құнын әр өңірге байланысты көтерілетінін айтқан болатын. Әйтпесе, сұйытылған мұнай газ өндірісінің тиімсіздігінен сала шығынға ұшырайтынын алға тартқан ол бұл саланы жаңғыртуға қаражат салынбағаны да жағдайды күрделендіре түсетінін мәлімдеген.
Ал мамырда Үкімет сұйытылған газды Қазақстаннан әкетуге қатысты шектеу енгізді. Бұл шектеулерге сәйкес, Қазақстан аумағынан автомобиль және темір жол көлігімен сұйытылған мұнай газын, пропан мен бутанды әкетуге алты ай мерзімге тыйым салынды.