Жаңалықтар

Еуроодақтың бірнеше мемлекеті «Талибан қозғалысын» Ауғанстанның ресми үкіметі ретінде тануы мүмкін – Bloomberg

талибан қозғалысы
Италияның «Талибан қозғалысын» Ауғанстанның ресми үкіметі ретінде тану үшін жұмыстар жүргізіп жатқаны хабарланды / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Еуропалық Одақтың бірнеше елі «Талибан қозғалысын» Ауғанстанның ресми үкіметі деп тануы мүмкін. Бұл жайлы өзінің дереккөзіне сілтеме жасап, Bloomberg басылымы хабарлады.

Басылымның хабарлауынша, Италия бұл елдегі жағдаймен танысу үшін Кабулға өзінің елшісін жіберген. Бұл елдің дипломаттары Ауғанстанда 2021 жылдан бері болмаған.

Италия Сыртқы істер министрі Антони Таяни Римнің Талибанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнату мақсатында «жұмыс жүргізіп жатқанын» растаған. Сондай-ақ министр Ауғанстанда «адам құқықтарының шектелуіне» қатысты қиындықтар бар екенін, дипломатиялық қарым-қатынастарды қалпына келтіру жұмыстары күрделі болатынын әрі оған уақыт қажет екенін айтқан.

Ал Испания Сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес Испания елшісін Қатардан Кабулға көшіру мәселесін көтерген.

«Біз мүмкіндігінше, біз оның [Ауғанстанға] оралуын қалаймыз», – деп мәлімдеген Альбарес.

Министр бұл елде қауіпсіздік мәселесі ескерілмегенін айтқан.

Ал Француз шенеунігі басылымға Кабулда елшілік ашу жоспары қарастырылмайтынын айтқан. Десе де бұл мәселе болашақта шешуді талап ететінін жеткізген. Ұлыбритания да дәл осы көзқарасты ұстанады. Бұл елдің билігі Ауғанстанда дипломаттардың қауіпсіздігіне қатысты кедергілер бар екенін айтқан.

Брюссель де Ауғанстанмен арадағы дипломатиялық қарым-қатынасқа қатысты көзқарасын өзгерткен. Басылымға пікір білдірген шенеунік Ауғанстанда әйелдер құқын қорғау мәселесі маңызды екенін айтқан. Сондай-ақ стратегиялық мақсатта бұл елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатудың маңыздылығын ескерген.

Бұл елде адам құқы мен әйелдер құқы сақталмайынша, «Талибан қозғалысына» көзқарасын өзгертпейтін елдің бірі – Америка.

Айта кетейік, Қазақстан «Талибан» қозғалысын елімізде тыйым салынған торрористік ұйымдар тізімінен шығарды.

«БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің міндетті қарарларына сәйкес, «Талибан қозғалысы» БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі террористік деп таныған ұйымдар тізіміне енбейді. Соған сәйкес, Талибанды қазақстандық тізімнен шығару туралы шешім қабылданды», – деп хабарлады министрлік.

Ресми өкіл Қазақстан мен Талибан арасындағы дипломатиялық байланыс Қауіпсіздік Кеңесі мен БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған шешімдер мен қарарларды қатаң ұстана отырып дамитынын атап өткен.

Қазақстанның Жоғарғы соты 2005 жылы «Талибан» қозғалысын террористік деп таныды. Содан кейін оның республика аумағындағы қызметіне тыйым салынған еді.

Талибан қозғалысы туралы

Талибан қозғалысы 1986-1987 жылдары пайда болған. Дүние жүзінің көптеген елінде ол тыйым салынған террористік ұйым ретінде танылған. Талибан Ауғанстанды 1996-2001 жылдар аралығында басқарды. Бұл қозғалыс 2021 жылы АҚШ әскерлері елден шығарылғаннан кейін билікке оралды.

2021 жылы тәліптер Ауғанстан территориясының көп бөлігіне бақылауды орнатты, ал 15 тамызда ел астанасы – Кабулды басып алып, Ауғанстанды толық бақылауға алғанын жариялап, елдегі саяси партиялардың қызметіне толық тыйым салды.

2021 жылдың тамызында Ауғанстан президенті Ашраф Ғани отставкаға кетіп, билікке Талибан содырлары келгеннен кейін, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы жағдайды жіті бақылауды жалғастыра отырып, Талибан қозғалысын мойындамайтынын хабарлады.

2023 жылдың сәуірінде Қазақстан Талибан дипломаттарына Астанадағы Ауғанстан елшілігінде отыруға рұқсат берді. Сол кезде Сыртқы істер министрлігі Қазақстан БҰҰ ұстанымын ұстана отырып, Талибанмен байланысын дамытпайтынын мәлімдеген.Еліміз тек сауда-экономикалық қарым-қатынас орнатуға және ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетуге ниетті еді.

2023 жылдың тамызында Сыртқы істер министрлігі Қазақстанда тыйым салынған «Талибан» қозғалысының мәртебесін өзгертпейтінін хабарлаған.