Lifestyle

Феминизмге сәтсіз пародия: Кети Перридің жаңа әні көпшіліктің сынына ұшырады

Кети Перридің жаңа әні көпшіліктің сынына ұшырады / Copyright Capitol Records – YouTube, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Smile» альбомы жарық көргеннен кейін, 4 жылдық үзіліс алған Кэти Перри музыка әлеміне жаңа әнімен қайта келді. Феминизмнің әнұраны болады деген Woman’s world (Әйелдер әлемі) синглы бірнеше күн бұрын тыңдарманға жол тартты.

Алайда әншінің көкейіндегі ойы іске аспады. Барлық дерлік бұқаралық ақпарат құралы бұл туындыны бір сөзбен «масқара» деп бағалады. Әннің сөзінің өзі әйелдерді объектіге айналдырады. Әдемі, мейірімді, сұлу, кербез деген теңеулердің өзі әйелдерді объективтендіреді. Ал әнге түсірілген бейнебаяннан кейін, көптен тасада жүрген әнші сынның астында қалды. Тыңдармандар бірауыздан келіскендей «әнші не айтып тұрғанын өзі де түсінбеген секілді» деген пікір жазып жатыр. Кети Перри жетінші альбомына дайындықты 2023 жылы бастап кеткен. Биыл маусымда «альбомның лид синглы өз карьерасындағы ең мықты жұмыстардың бірі болмақ» деп хабарлап та үлгерді. 17 маусымда әннің атауын, постерін, шығатын күнін хабарлап, алдын ала тапсырысу беру мүмкіндігін де қосты. Бейнебаян 11 шілде күні көпшілік назарына ұсынылды. 

Ең алдымен, әнге, бейнебаянға қатысты адамдарға тоқталайық. Кети Перри жетінші студиялық альбомы үшін дайындап жатқан сингл продюсерлері – Лукаш Готтвальд, Вон Оливер, Аарон Джозеф, Рокко Уолд. Сәйкестік пе, бірақ продюсерлер қатарында әйел жоқ. Оған қоса  Dr. Luke ретінде танылған Лукаш Готтвальд бұған дейін Kesha-ның продюсері болып, әнші сексуал және психикалық зорлық көрсетті деп іс бастаған болатын. Алайда кейін арызын қайтып алса, да тыңдармандар продюсер кінәлі деген ойынан бас тартпады. Бұл оқиғаны ұмытпаған тыңдармандар Кети Перриді осындай адаммен жұмыс істегені үшін «екіжүзді» деп балағаттады. 

The Guardian басылымы әнді «феминистер әнұранын жазудың тағы бір сәтсіз әрі ескірген қадамы» деп атады. Instagram желісінде оқырмандар «Ылғи еркектер шығарған әнді қалайша “Әйелдер әлемі» деп атауға болатынын түсінбеймін”, «Өз әніңнің мағынасын өзің түсінбеген жағдай», «Қайта оралу осындай болуы керек деп ойлады ма екен», «Өзіне ор қазды» деген пікірлер жазған. 

Бейнебаянда әнші мен қасындағы бишілер ашық киініп, құрылыс маңында жұмыс істеп жүреді. Кейін шешініп, бикинимен тым әдемі би билейді. Көрермендер әншінің бұл әрекеті мінсіз сұлбасымен мақтанғандай, феминизмді мазақ қылғанмен бірдей деп отыр. Оны «male gaze» яғни «еркек көзқарасы», әйелдерді тек нысан ретінде ғана көру дейді. The Music басылымы «әйелдерге қатысты үйреншікті жарнамалар мен видеолар сияқты шыққан. Барлық клише, абстрактілі позитив түсініктерді араластырыпты» деп жазған. Business Insider «Кети Перридің жаңа бейнебаяны біз ойлағандай жаман емес. Ол одан да нашар» деп бағалаған. 

Осы төрт күнде бейнебаянды бас-яғы 8 млн-ға жуық адам қараған. Бір қызығы, YouTube-тегі лайкқа қарағанда дизлайк көп. Көрермендер «феминизмге сәтсіз пародия», «орта буын кризисі деген осы ма?», «біреу үшін ұялу дегенді сезініп отырмын» деп пікір қалдырған. 

Релизден бір күн өткен соң, Кети Перри Instagram-дағы жеке парақшасында үндеу жариялады. Онда ол ән мен бейнебаянды сатира деп атады. «Көңіл көтеріп, сарказммен қарадық. Мұның фрас екені айдан анық қой», – деді әнші. Дегенмен бір көтерілген тыңдармандар ол сөзге тоқтамады. «Өзің сатира деп атаған сатира», «Қалжыңды біреуге түсіндіріп отырсаң, несі қалжың» дегендей пікірлерін қарша жаудырды.