Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылды
ТЖМ құрамындағы департамент базасында Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылды. Оған үкімет 1,6 млрд теңге бөлді. Жобаның түсіндірме жазбасында 2024-2028 жылдар аралығында бүкіл жобаны жүзеге асыруға жалпы сомасы 1 638 715 000 теңге бөлінетіні жазылды.
«Азаматтық қорғау туралы» заңға сәйкес азаматтық қорғау міндетінің бірі – төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою. Соған сай уәкілетті органның, орталық, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік мекемелердің, ұйымдардың басшылары өз құзіреті шегінде нақты шаралар ұйымдастыруға тиіс.
Жауапты органдардың жұмысын енді жаңа комитет қадағалайды.
«Ұсынылып отырған ұйымдық штаттық іс-шараларды іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаржы қаражатын талап етпейді. Өзгерістер ТЖМ-нің қолда бар штат саны шегінде жүргізілетін болады», – деп хабарлады ведомство.
Төтенше жағдайлар министрлігі биыл жеке орман қорғау қызметін құруды қолға алды. Жаңа мекеме орман қорын күзету мен қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз етедi.
Өрт қауіпсіздігі ережелері тұрғындардың электр энергиясын тұтыну жауапкершілігін күшейтетін тармақпен толықтырылады. Құтқарушылар қазақстандықтардан желіге қосылған тұрақты ток тұтынуды қажет етпейтін жабдықты тастап кетпеуді ұсынды.