«ҚазМұнайГаз» 2023 жылы Румынияда 791,7 млрд теңге, Қазақстанда 686,8 млрд теңге салық пен алымдар төледі. Бұл жөнінде компания KASE-ге хабарлады.
Түрлі мемлекеттерге төленген төлемдердің жалпы сомасы – 1,626 триллион теңге. Қазақстанда мемлекетке төленетін төлемдер пайдалы қазбаларды өндіру салығы (ПҚТ), қол қою бонусы және басқа төлемдер болып бөлінеді.
ҚМГ төлеген қазақстандық төлемдердің жалпы сомасы – 686,8 млрд теңге. Тарқатып айтсақ, Ұлттық қорға 191,3 млрд, республикалық бюджетке 131,2 млрд, жергілікті бюджетке 364,3 млрд теңге аударылды. Компаниядағы ең көп төлемдер үлесі Атырау мұнай өңдеу зауыты (152 млрд теңге) мен Павлодар мұнай-химия зауытына (138,9 млрд) және «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға (130,9 млрд теңге) тиесілі.
Румынияда KMG International N.V. арқылы төледі. Сол компания есебінен Болгарияда – 33,6 млрд теңге, Молдовада – 66,1 млрд теңге, Грузияда – 39,9 млрд теңге, Нидерландыда – 5,6 млрд теңге және Швейцарияда – 2,1 млрд теңге төлем жасалынды.
«ҚазМұнайГаз» Румыниядағы қуаттылығы жылына 0,5 миллион тонна және 6 миллион тоннаны құрайтын екі мұнай өңдеу зауытының – «Вега» және «Петромидия» (екінші тең иеленуші Румыния үкіметі) – 54,63% үлесіне, сондай-ақ Қара теңіз жағалауында орналасқан Констанцадағы мұнай терминалына иелік етеді. Шымкент (77%), Павлодар (72%) және Атыраудағы (67%) мұнай өңдеу зауыттары көрсеткіштерімен салыстырғанда, «Петромидия» зауытында ашық түсті мұнай өнімдерінің өнімі 84%-ды құрады.
Онда өндірілетін мұнай өнімдері, соның ішінде еуропалық талаптарға сай келетін бензин мен дизель отыны Румыния, Болгария, Молдова және Грузиядағы өздерінің және серіктестік жанармай құю станцияларының желілеріне жеткізіледі. Бірнеше жыл бұрын Украина нарығына да жанармай жеткізіліп жатқаны белгілі болған еді.
Компания Румынияның мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуды өзінің негізгі аумағында – Қазақстанда жүзеге асырмас бұрын аяқтады. Сонымен қатар Румыния желісінің барлық жанармай құю станциялары қазақстандық жанармай құю станцияларының желісіне қарағанда Еуропадағы стандартты талаптарға (дәретхана, кофе және фастфуд және т.б.) сай.
1 сәуірдегі жағдай бойынша «ҚазМұнайГаз» акционерлері: «Самұрық-Қазына» АҚ – 67,42% жай акциялар, Қаржы министрлігі – 20%, Ұлттық банк – 9,58%. Акциялардың қалған 3%-ы (18,3 млн) миноритарлық акционерлерге тиесілі, олар 2022 жылғы желтоқсанда ҚМГ-ның Қазақстан қор биржасында (KASE) және Астана халықаралық қаржы орталығы (AIX) биржасында IPO өткізу кезінде бір акция үшін 8 406 теңгеге сатып алды.