Ақтау қаласын 10 ай басқарған әкім қызметінен кетті, орнына жаңа басшы тағайындалды
Соңғы уақытта ауызсу тапшылығы мәселесіне тап болған Ақтау қаласында әкім ауысты. Президент Әкімшілігінің келісімімен қала басшысы қызметіне Әбілқайыр Жаңайұлы Байпақов тағайындалды. Ал бұған дейін қала әкімі болған Ұлықбек Тналиев өз еркімен қызметінен кеткен.
«Маңғыстау облысы әкімінің өкімімен Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Байпақов Әбілқайыр Жаңайұлы Ақтау қаласының әкімі қызметіне тағайындалды», –деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әбілқайыр Байпақов 1978 жылы Маңғыстау облысы Шетпе ауылында дүниеге келген. Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша жоғары білімі бар.
Осы жылдар ішінде облыстың мемлекеттік органдарда, оның ішінде Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасы мен мәдениет басқармасында, Ақтау қаласы, Түпқараған және Қарақия аудандары әкімі аппаратында, облыс әкімі аппаратында басшы, Баянды ауылының әкімі, «Каспий» ӘКК ҰК» АҚ директоры, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
2023 жылдан бүгінгі күнге дейін Маңғыстау облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы болды.
Ал былтыр қыркүйек айында ғана Ақтау әкімі қызметіне келген Ұлықбек Тналиевтің кетуі жайлы ақпарат бұған дейін тараған. Шенеунік өзін жұмыстан босату туралы өтініш жазған.
Айта кетейік, биыл мамыр айының ортасында Президент жарлығымен Маңғыстау облысының әкімі тағайындалған болатын. Аймақ басшысы қызметіне «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның атқарушы директоры болған Нұрдәулет Қилыбай келді.
Ал содан бір күн бұрын Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты лауазымды қызметінен босатты. Ол өңірді 2021 жылдан бері басқарып келген.