Қазақстанда 2030 жылға дейін 4 газ өңдеу зауыты ашылады
Елімізде 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен төрт газ өңдеу зауыты іске қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
«Энергетика министрлігінің болжамды балансына сәйкес, Қазақстанда тауарлық газ өндіру көлемі тұрақты өседі: 2023 жылғы 22,5 млрд м3-ден 2030 жылға қарай 36,6 млрд м3-ге дейін. 1,6 есеге арттыруды қамтамасыз ету жоспарлануда», – деп мәлімдеді министр.
Сәтқалиевтің сөзінше, жаңа газ кен орындарын барлауға және игеруге инвестициялар тарту шеңберінде QazaqGaz бен Chevron компаниялары Ақтөбе облысындағы Жәлібек учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімге қол қойды. Министр 2023 жылы Рожковское, Шығыс Өріктау, Анабай кен орындары өнеркәсіптік пайдалануға берілгенін де еске салды.
«2026-2030 жылдарға дейінгі кезеңде кезең-кезеңімен 4 газ өңдеу зауытын іске қосу басталады. Атап айтсақ, Қашаған кен орнының шикізаты негізінде – қуаты жылына 1 және 2,5 млрд текше метр, Қарашығанақ кен орнының шикізаты негізінде – қуаты жылына 4 млрд текше метр, сондай-ақ Жаңаөзен қаласында қуаты жылына 900 млн текше метр газ өңдеу зауытын салу», – деді Энергетика министрі Үкімет жиынында.
Газ өңдеу зауыттарын салу үшін Қатарлық инвестор – UCC Holding тартылған. Қазіргі уақытта QazaqGaz бен UCC Holding компаниясы осы жобаларды іске асырудың соңғы шарттарын келісіп жатыр.
Сондай-ақ министр Қарашығанақ газ өңдеу зауытын салу жобасы оператордың қаражаты есебінен іске асырылатынын жеткізді. Биыл ақпан айында EPC-тендеріне қатысуға құжаттарды қабылдау аяқталғанын және әлеуетті өнім берушілердің тендерлік өтінімдерін бағалап жатқанын мәлімдеді.
Айта кетейік, мамыр айында Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында Қазақстанның Қатармен бірлесіп заманауи газ өңдеу өнеркәсібі құрылатыны айтылған еді. Қазақстан тарапы Катардың UCC Holding компаниясымен бірлесіп, қуаттылығы жылына 1 млрд және 2,5 млрд текше метр болатын екі газ өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге жаңа КС-14 компрессорлық стансасы және «КС-14-Қостанай-Ақтөбе» магистралды газ құбыры, сондай-ақ «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГҚ екінші желісі салынады.