Қазақстанда су заңнамасын бұзғандарға 12,9 млн теңге айыппұл салынды
Елімізде жыл басынан бері су заңнамасын бұзған азаматтар шамамен 12 млн теңге айыппұл төледі. Бұл жайында Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, бассейндік инспекция 6 айда су заңнамасын сақтау бойынша 55 тексеріс жүргізген. Осының нәтижесінде 103 құқықбұзушылық анықталған. Сондай-ақ жалпы сомасы 12,9 млн теңгеге 143 әкімшілік айыппұл салынып, 11,9 млн теңге көлемінде 127 әкімшілік айыппұл өндірілген. 16 әкімшілік іс сотқа жіберілді.
«Министрлік құқықбұзушылықтарға қарсы күресті күшейту үшін Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөнінде комитет құрылды. Комитет Жамбыл облысында тексеріс жүргізіп, оның нәтижесі бойынша материалдар Бас прокуратураға жіберілді. Су саласындағы ашықтық – министрлік жұмысының басым бағыттарының бірі. Сондай-ақ комитет суды заңсыз пайдаланумен, оны есепке алу деректерінің бұрмалануымен және еліміздің су нысандарындағы құқыққа қайшы шаруашылық қызметпен күреседі», – деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі.
Айта кетейік, Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов Қазақстанда су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жыл сайын шамамен 350-370 млрд теңге қаражат керек екенін айтты. Оның айтуынша, соңғы 30 жылда республика аумағында небәрі 5 су шаруашылығы құрылысы салынған. Оның ішінде тек екеуі ғана маңызды ірі жоба саналады. Оның бірі – Түркістан облысындағы Көксарай контрреттегіші болса, екіншісі – Астана қаласының қорғаныс бөгеті.
Еске салсақ, бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек 2040 жылға қарай елдегі су тапшылығы 15 млрд текше метр болатын айтып, суды тиімді пайдалану мен оның өзектілігі жайлы мәселені көтерген еді. Депутат еліміздің даласы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналатынын алға тартып, бұл мәселенің әлі күнге шешілмей отырғанын да ашына айтты. Осы орайда, ол Кеңес кезіндегі болған жауын-шашын мен қар суын жинайтын шағын қоймалардың болғанын да еске салды.