Жасанды интеллект Қазақстан Үкіметі мүшелерін алмастыра ма – министр жауап берді
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек суперкомьпютер мен жасанды интеллект Қазақстан үкіметі мүшелерін алмастыра ала ма деген сұраққа жауап берді.
Министрдің сөзінше, зерттеулер жұмыс күшінің бір бөлігін жасанды интеллектке ауыстыру мүмкіндігін көрсетіп отыр, алайда министрлердің орын алмастыру туралы айту әлі ерте.
«Қытайда үлкен әлеуметтік эксперименттер бар, мысалы, HR қызметтерін ауыстыру алгоритмдері енгізілген. Тіпті бір жерде нұсқаулықты белгілі бір алгоритмдерге ауыстыру әрекеті болды. Өкінішке орай, бұл әлі жақсы көрсеткіш әкелмеді. Сондықтан бұл туралы айтуға әлі ерте», – деді Министр үкіметте өткен брифингте.
Саясат Нұрбек ҚР Үкіметі ақпараттың үлкен көлемін өңдеу және талдау үшін суперкомпьютер мен ұлттық жасанды интеллект жүйесін іске қосуды жоспарлап отырғанын да мәлімдеді.
Журналистер суперкомпьютер соңғы алты жылда Үкімет реттей алмай келе жатқан мәселелерді шеше ала ма деп сұрақты нақтылады. Мәселен, жол бойындағы дәретхана мәселесі.
«Бұл менің құзыретіме жатпайды», – деп қысқа қайырды ведомство басшысы.
Еске салсақ, наурыз айында Цифрлық даму министрлігі елімізде жасанды интеллектіні қолдануға мүмкіндік беретін суперкомпьютер биыл іске қосылатынын мәлімдеген еді. Суперкомпьютер биыл жыл соңына дейін іске қосылады деп жоспарлануда.
Ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қуаты күшті «суперкомпьютер» құруға кіріскенін айтқан еді. Сонымен қатар Қазақстанды әлемдегі «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыру қажет екенін айтты. Президенттің айтуынша, мемлекеттік және коммерциялық сектордағы иесі нақтыланбаған деректерді жинақтай берген жөн. Сондай-ақ деректерді басқару жүйесінің бірыңғай архитектурасын енгізген дұрыс.