Adidas үш айда екінші рет пайда мөлшеріне қатысты болжамын арттырды

Жарияланды
Samba мен Gazelle кроссовкаларының сатылымы Adidas-тың тоқсандық табысы мен пайдасын арттырды / Фото: Reuters/Lisi Niesner

Немістің спорттық киім-кешек өндірушісі – Adidas 2024 жылдың қорытындысы бойынша табатын табыс мөлшеріне қатысты болжамын арттырды. Кроссовкаларының жақсы сатылуы мен басты бәсекелесі – Nike ұшыраған сәтсіздік брендтен жақсы көрсеткіштер күткізді. Рэпер Канье Уэсттің байланыс үзуі Adidas-тың табысына кесірін тигізіп отыр.

Толығырақ

Adidas 2024 жылдың қорытындысы бойынша операциялық пайда шамамен 1 млрд еуро болады деп күтеді. Бұл – 700 млн еуро деген алдыңғы болжамның үштен бір бөлігінен артық және компанияның бастапқы бағдарынан шамамен екі есе көп сома. Бренд болжаулы кіріс мөлшерін үш айда екінші рет арттырды. Енді компания болжамы мен сарапшылардың болжамы сәйкестенді дейді Bloomberg.

Алдын ала деректер бойынша, екінші тоқсанның қорытындысында Adidas-тың түсімі 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11%-ға, ал еуромен есептегенде 9%-ға, яғни 5,8 млрд еуроға дейін өсті. LSEG сауалнамасына қатысқан сарапшылар орта есеппен 5,58 млрд еуро түседі деп болжаған деді Reuters. Samba мен Gazelle кроссовкаларының табысты, ал негізгі бәсекелесі – америкалық Nike компаниясының мардымсыз сатылымын негізге алған сарапшылар Adidas үшін екінші тоқсан жақсы болуға тиіс деп күтеді деді агенттік толықтырып.

Тоқсан ішіндегі Adidas-тың операциялық пайдасы екі есеге жуық ұлғайып, 346 млн еуроға барды. Бренд күткенімізден нәтиже асып түсті деп мәлімдеді. Жылдың бірінші жартысында түсімге кесірін тигізген «қолайсыз валюталық әсерлерден» екінші жарты жылдықта да құтыла қоюымыз екіталай деп ескертті компания. Көрсеткіштерге бұдан басқа Yeezy суббренді де теріс әсер етті, егер осыны ескермесек, тоқсан ішіндегі табыс 16%-ға өсті деуге болады дейді Adidas.

Инвесторға керегі

Adidas-тың 2023 жылдан бергі бас директоры Бьорн Гульден рэпер Канье Уэсттен ажырағаннан зиян шеккен компанияға бірқатар өзгеріс енгізу үстінде деп жазады Reuters. Adidas-та сол рэпермен бірлескен бренд – Yeezy-ден сатылмай қалған 1,2 млрд еуроның аяқкиімі қалды. Екінші тоқсанда осы Yeezy жұптарын сатудан 50 млн еуроға жуық операциялық пайда түсті. Бұл жалпы соманың шамамен 14%-ын құрайтын мөлшер, ал сауда барынша қызған тұста бұл үлестің 50%-ға жеткен кезі де болған дейді Bloomberg. Компания екінші жартыжылдықта Yeezy тауарлары орташа алғанда өзіндік құны бойынша сатылып, шамамен 150 млн еуро кіріс әкеледі, бірақ пайданы арттырмайды деп есептейді. Ал Bloomberg болса Adidas-тың бірнеше рет осындай болжам жасап, артынан Yeezy сатылымынан пайда түскені туралы хабарлағанын айтты.

Adidas және оның Puma мен Nike сияқты бәсекелестері 26 шілдеде басталатын Олимпиада ойындарының арқасында өз тауарына, соның ішінде жүгіру кроссовкасына деген сұраныс артады деп үміттенеді дейді Reuters. Бұл компаниялар сол шарада спортшылар мен ұлттық командаларға демеушілік жасайды.

Акция жайы

Adidas Германиядағы сауда жабылғаннан кейін есебін жариялады. 16 шілдеде компанияның қағазы 1,17%-ға арзандап, 228,7 еуроға түсті. 2024 жылдың басынан бергі оның құны төрттен бірге – 24%-ға өсті. АҚШ-тың биржадан тыс нарығында Adidas қолхаттары сейсенбі, 16 шілде күні 2022 жылдың ақпанынан бергі екі жылға жуық уақыт ішінде максимумға дейін қымбаттады. Ең сауда қызған тұста қағаз бағасы 130,44 долларға жетті.

Adidas-тың басты бәсекелесі – америкалық Nike компаниясының акциялары АҚШ-тағы сауда қорытындысы бойынша 2,1%-ға өсті: жабылардағы бағасы 72,81 доллар болды.

Сарапшылардың Adidas акцияларына қатысты пікірі әртүрлі: 30-дың 13-і сатып алуға (Buy және Overweight рейтингтері), 11-і ұстап отыруға (Hold рейтингі), алтауы ғана сатуға (Sell және Underweight рейтингілері) кеңес береді, мұны FactSet көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыз