2025 жылдан бастап қазақстандықтар министрлердің, депутаттар мен судьялардың дүние-мүлкі тізіліп жазылған декларацияны мемлекеттік органдардың сайтынан көре алады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңдағы 11-бапта декларацияны кімдер жариялау керек екені көрсетілген. Негізінен саяси қызметкерлер, депутаттар, «А» корпусы өкілдері бар. Олар декларацияны 2025 жылы жариялауға міндетті. Бұл ретте олардың кадрлық қызметтері интернет-ресурстарында жариялануы тиіс», – деп хабарлады мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова.
Заңға сәйкес, декларацияны саяси мемлекеттік қызметкерлер, «А» корпусының әкімшілік лауазымын атқаратын адамдар, парламент депутаттары, адам құқықтары жөніндегі уәкіл, судьялар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басқару функцияларын атқаратын адамдар ашық түрде жариялауы тиіс. Талап шенеуніктердің жұбайларына да қатысты.
Саяси мемлекеттік қызметкерлер қатарына министрлер мен әкімдер, олардың орынбасарларымен бірге елшілер, президент әкімшілігінің басшысы, президенттің көмекшілері мен кеңесшілері, орталық сайлау комиссиясының төрағасы, хатшысы мен мүшелері және басқа да шенеуніктер кіреді.
«А» корпусына жауапты хатшылар мен аппарат басшылары, комитет төрағалары, облыстар, Астана және республикалық маңызы бар қала әкімдері аппараттарының басшылары кіреді.
Айта кетейік, қазіргі қағидаларға сәйкес, ерекше қорғалатын азаматтар, яғни президент пен оның отбасы, парламент спикерлері, премьер-министр және экс-президент өз кірістерін ашпай-ақ қоюына болады.
Жариялануға жататын мәліметтер тізбесін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
Қазақстан азаматтары 2021 жылдан бері жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне біртіндеп еніп келеді. Мысалы, алғашқы кезеңде мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары тапсырса, екіншісінде бюджеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік секторда істейтіндер міндеттелген. Ал енді жарты айдан сәл астам уақыттан соң үшінші кезең басталады. 2024 жылы «Активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны» (250.00 форма бойынша) жеке кәсіпкерлер, заңды тұлға басшылары тапсырады.