Ұлттық банк банктерге капиталдың контрциклдік буферін қолдану және енгізу шеңберінде қолданыстағы нормативтік құқықтық актіге өзгерістер енгізбек. Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында жария талқыға шығарылды.
Жаңа әдістеме бойынша есептердегі несиелердің түрі мен мақсаты бойынша егжей-тегжейлі ақпарат көрсетілуі керек.
«Бұл құралдың негізгі мақсаты – банктердің кредиттік портфелі деңгейінде тұтастай алғанда артық кредиттеуге байланысты жүйелік тәуекелдерді шектеу. Атап айтқанда, капиталдың контрциклдік буферін есептеу компоненттері несиелік тәуекел дәрежесі бойынша өлшенген активтер, шартты және ықтимал міндеттемелер және капитал буферінің тиісті мәндері болып табылады», – деп жазылған құжатта.
Банктер реттеушіге тапсыратын есептердің арасында кредиттік тәуекел, айрықша пайыздық тәуекелді есептеудің талдамасы, бір қарыз алушыға келетін тәуекелдің ең жоғары мөлшерінің талдамасы болуы шарт.
Жоба бойынша қаржы шығындарының қажеттігі және оның қаржылық қамтамасыз етілуі, оның ішінде қаржыландыру көзі, сондай-ақ қажет болған жағдайда Республикалық бюджет комиссиясының шешімі қоса беріледі.
Капиталдың контрциклдік буфері – бұл реттеуші органдар орналастырған қаржы институттарының міндетті резервтері. Ол кредиттік тәуекелдерден қорғау үшін енгізілген.
Естеріңізге сала кетейік, маусым айында несие берудегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың (жеке тұлғалардың) құқықтарын қорғау туралы заңға қол қойылған болатын. Сонымен қатар нақты секторды несиелеуді кеңейту бойынша түзетулер әзірленуде.
Ұлттық банк 2024 жылдың I тоқсанында кредиттеу туралы банктерде жүргізілген сауалнаманың қорытындысын жариялады. Сауалнамаға 19 отанадық банк қатысты. Оған сәйкес, жыл басынан бері шағын бизнес нысандарының кредит алуға берген өтінімдерінің жалпы саны 6%-ға – 786 мыңға дейін өсті.