Жаңалықтар

Ақмола облысында тасқа қашалған ерекше артефакт табылды

Ерекше артефакт табылды / Фото: Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті

Ақмола облысында тасқа қашалған ерекше артефакт табылды. «Орман» профилактикалық іс-шарасы барысында Сандықтау ауданы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тарихи археологиялық қазбаға тап болды.

Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйінсек, көне артефакта тасқа қашалған адамның келбеті бейнеленген. Тарихи олжа туралы ақпарат жергілікті ғалымдармен бірге алыс шетелден келген ғалымдарға да тыныстырылды.

Ғалымдардың айтуынша, бүгінгі таңда мүсіннің қай дәуірге жататыны әзірге белгісіз. Пікірлер екіге бөлінді. Кейбіреулер бұл тас қола дәуірінен жатады десе, ал басқалары оны кейінгі түркі кезеңіне жатқызып отыр. Тіпті Сібірде табылған қазбалармен де ұқсастықтар бар. Әзірге бұл алдын ала болжамдар ғана, әрі қарай енді нақты зерттеу шешеді. Алайда қазірдің өзінде бұл жаңалық үлкен тарихи-мәдени құндылыққа ие.

Ақмола облыстық «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының» директоры Жасұлан Үкеевтің айтуынша, қазіргі уақытта артефакт мемлекеттік қорғауға алынды.

Бұған дейін Қарағанды облысындағы Талды қорымынан сақ кезеңіне жататын темір қанжар табылған. Жаз басталғалы Талды тарихи-археологиялық паркінде жүргізілген қазба жұмыстары барысында рәсімдерге арналған ыдыс та шыққан.