PepsiCo компаниясы Алматы облысындағы зауыт құрылысына 360 млн доллар инвестиция салады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
PepsiCo Алматы облысында зауыт салады / Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

PepsiCo компаниясы Алматы облысындағы зауыт құрылысына 360 млн доллар инвестиция салады.

Алматы облысы Алатау қаласында PepsiCo Central Asia компаниясы 160 млн долларға зауыт салып жатыр. Зауытты іске қосу 2026 жылға жоспарланған. Бірінші жылы 16 мың тоннаға дейін өнім шығару жоспарланса, кейін 2027 жылдан бастап бір жылдық өнім көлемін 21 мың тоннаға дейін арттырмақ. Екінші кезеңінде тағы 200 млн доллар инвестиция құйылады.

«Осы уақытқа дейін айтылған 160 млн доллар – бастапқы кезеңге ғана құйылатын инвестиция. Екінші кезеңде тағы 200 млн доллар инвестициялау жоспарланған», – деді Kazakh Invest басқарма төрағасы Ержан Елекеев.

Зауытта өндірілетін тұзды тағамдар, оның ішінде «Lays» картоп чипсылары
орталық Азия елдерінің нарығында сатылатын болады. Құрылысқа мыңға дейін адам тартылады, сонымен қатар зауытта 350 адамға дейін жұмыс орны құрылады.

PepsiCo компаниясының Орталық Азиядағы жеткізу тізбегін дамыту жөніндегі директоры Константин Федорчук компания негізінен жергілікті шикізатты сатып алуға дайын екенін айтты.

“Қазақстандық фермерлермен картоптың сынақ партияларын жеткізуге келісімшарттар жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2026-2030 жылдары 50-66 мың тоннаға дейін картоп сатып алуға, сондай-ақ кейіннен арттыруды көздеп отырмыз», – деді Константин Федорчук.

Жаңадан құрылған Алатау қаласының әкімі Әркен Өтенов те бұл жобаның аймақ үшін маңыздылығына тоқталып өтті.

«Бұл біздің аймаққа үлкен экономикалық серпіліс береді. Біріншіден, жоғары технологиялық кәсіпорын ашылады. Біз үшін үлкен тәжірибе болмақ. Сонымен қатар, экспорттық нарықты өсіріп, салық жағынан да табыстарымыз өседі. Ең бастысы, жергілікті өнеркәсіп дамиды», – деді Әркен Өтенов.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылы Алматы облысында әлемге әйгілі Pepsico компаниясының Орталық Азиядағы ең ірі зауыты ашылатынын БАҚ өкілдерімен кездесуде айтқан болатын.

«…Шетелдік инвесторлардың қатысуымен елімізде экономиканы әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған әрі қаржыландыру көлемі үлкен ондаған, тіпті жүздеген жоба жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, Алматы облысында 2026 жылы әлемге әйгілі Pepsico компаниясының Орталық Азиядағы ең ірі зауыты ашылады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Зауыт Үкіметтің ерекше бақылауындағы басым инвестициялық жобалар пулына енгізілген. Жалпы, осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша пул 122,5 мың жұмыс орнын ашатын, 32 трлн теңгені құрайтын 704 жобадан тұрады.

PepsiCo – америкалық тамақ өнеркәсібі корпорациясы, алкогольсіз сусындар мен басқа да азық-түлік өнімдерін өндіруші. АҚШ – Қазақстанның маңызды инвестициялық серіктестерінің бірі. Соңғы екі онжылдықта америкалық бизнес Қазақстан экономикасына 53 млрд доллардан астам инвестиция салған. Қазақстанда одан бөлек Chevron, ExxonMobil, Pfizer, General Electric, Wabtec және басқа да әлемдік ірі компаниялар түрлі секторларда табысты жұмыс істеп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз