Qazaq Banki-нің бұрынғы акционеріне тиесілі болған 357 млн теңгелік дүние-мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Құны 357,7 млн теңгені құрайтын дүние-мүлік мемлекетке қайтарылды. Коллаж kursiv.media

Шымкент соты Qazaq Banki-нің бұрынғы акционері Бақыт Ибрагимге тиесілі болған жер учаскесі мен жылжымайтын мүлікті мемлекетке қайтару туралы шешім шығарды. Бұл туралы Шымкент қаласының прокуратурасы хабарлады.

Прокуратура мәліметіне сүйенсек, бағалау қорытындысы бойынша құны 357,7 млн теңгені құраған жылжымайтын мүлік Шымкент қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне берілген.

«Осылайша, сот азамат Б. Ибрагимнің қылмыстық жолмен алған жер учаскесі мен құрылыстарды мемлекетке қайтару туралы қала прокуратурасының талап арызын қанағаттандырды», – делінген хабарламада.

Жалпы жыл басынан бері Шымкент қаласының прокуратурасы құны 5,9 млрд теңгені құрайтын мүлік пен акцияларды мемлекетке қайтарған.

Еске сала кетейік, 2017 жылдың маусым айына дейін Бақыт Ибрагим Qazaq Banki директорлар кеңесінің төрағасы болды. 2018 жылғы мәліметке сәйкес, оған аталған банк акцияларының 10,5%-ы тиесілі болған.

Ал 2018 жылы ол Германиядан экстрадицияланған еді. 2020 жылы Bank RBK-дан 144 млрд теңге жымқыру ісі бойынша Жомарт Ертаевпен бірге айыпты деп танылды. Соның негізінде 8 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда аппеляциялық сот оның жазасын 7 жылға төмендеткен еді.

2024 жылы ақпан айының басында Бақыт Ибрагимнің бостандыққа шыққаны хабарланған. Оның уақытша тергеу изоляторында отырған 1 күні 1,5 күн болып есептеліп мерзімі қысқарған. Бақыт Ибрагим 2024 жылдың 14 наурызында қайтыс болды.

Сондай-ақ оқыңыз