Жаңалықтар

2024 жылғы атаулы әлеуметтік көмекке Үкімет 60 млрд теңге бөлген – Еңбекмин жарты жылда қанша отбасының атаулы көмек алғанын хабарлады

2024 жылы атаулы әлеуметтік көмекке 60,5 млрд теңге бөлінген / Фото: kursiv.media

Қазақстан Үкіметі 2024 жылғы атаулы әлеуметтік көмекке 60,5 млрд теңге бөлген. Жыл басынан 1 шілдеге дейінгі аралықта бұл көмек түрін 67,1 мың отбасы, нақтырақ айтқанда, 355,3 мың адам алған. Бұл жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«2024 жылғы 1 шілдеге дейін табысы аз отбасыларда АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 109 мың балаға 2,9 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Бұл аралықта атаулы әлеуметтік көмек мынадай шарттармен берілген:

  • табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын тағайындалып отырған.
  • табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем ретінде берілген.
  • жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға грант түрінде, біліктілікті арттыру курстарына жіберу арқылы және басқа да жағдайлар арқылы әлеуметтік көмек беріліп отырған.

Министрлік бұл көмекті алуға ниетті қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алатынын хабарлайды.

Еске сала кетсек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың жиынтық кірістері мен шығыстарын айқындауды ескере отырып, АӘК төлеу механизмі өзгеретінін хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қазақстандықтардың негізгі шығыстарын есепке алу және верификациялау тетігін пысықтап жатыр. Бұл, шын мәнінде, мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларға мемлекет тарапынан нысаналы қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ал азаматтардың шығыстары туралы мәліметтерді алу үшін: Өнеркәсіп және құрылыс, Цифрлық даму, Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, Ұлттық банктің және т. б. ақпараттық жүйелері интеграцияланады.

Айта кетейік, 2023 жылды көтемінде Қазақстан халық партиясының Мәжілістегі депутаттары атаулы әлеуметтік көмекті алып тастауды ұсынған. Сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова АӘК-ті тоқтатуға болмайтынын айтқан.

«Бізде (көмек) алып отырған отбасылар бар. Онда жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар бар. Сондықтан оларға атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) беру керек. Алайда АӘК-тің механизмін жетілдіру бойынша депутаттармен бірге жұмыс істейміз», – деген болатын экс-министр.