ҚМГ мен Eni Жаңаөзенде гибридті электр стансасының құрылысын бастады
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) италиялық Eni S.p.A. энергетикалық компаниялары бірігіп Жаңаөзенде күн, жел және газ энергиясымен жұмыс істейтін қуаты 247 МВт гибридті құрайтын электр стансасын салады. ҚМГ баспасөз қызметі станса құрылысының басталағаны жөнінде хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жаңаөзенде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, Eni компаниясының Қазақстандағы басшысы Сегер Хойтинкпен кездесіп, болашақ гибридті электр стансасының құрылысын бастау рәсіміне қатысқан.
Гибридті жоба электр қуатын Eni Plenitude еншілес компаниясының технологиясымен жаңартылатын энергия көздерінен яғни жел мен күннен алады. Сонымен бірге жобаны жүзеге асыру барысында Eni-дің халықаралық өндірістік тәжірибесі қолданылады. Ол тәжірибеге сәйкес, энергия теңдігі мен тұрақтылығын қамтамсыз ету мақсатында газ энергиясы да пайдаланылатын болады.
Үш энергия көзінің әрқайсысының қуаты әртүрлі. Күн электр стансасының қуаты – 50 МВт, жел электр стансасы – 77 МВт және газ электр стансасы – 120 МВт құрайды. Гибридті электр стансасы ҚМГ-ның өңірдегі еншілес компанияларына, соның ішінде «Өзенмұнайгаз» АҚ және Қазақ газ өңдеу зауытына тұрақты электр энергия жеткізуге мүмкіндік бермек. Солайша электр қуатының жиі үзілуіне байланысты, өндірістің тоқтап қалуына жол бермейді.
Станса құрылысы кезінде 800 адамға жұмыс орны ашылады. Ал кәсіпорын пайдалануға берілген соң, мұнда 70-ке жуық маман жұмыс істейтін болады. Бұл жобаға екі компания да тең деңгейде инвестиция құяды.
«Мұндай гибридті жоба Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырылмақ. Гибридті электр стансасы ҚМГ-ның аймақтағы мұнай өндіруші компаниялары мен газ өңдеу зауытын тұрақты әрі сенімді электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Жоба Eni-дің халықаралық өндірістік тәжірибесін пайдалана отырып, әртүрлі технологиялардың инновациялық комбинациясын ұсынады. Сондай-ақ жоба Маңғыстау облысын энергиямен қамтамасыз етуді әртараптандыруды және көміртексіздендіруді көздейді. Оған қоса жаңа кәсіпорын құрылысы өңірдегі жоғары білікті мамандарды жұмыспен қамтуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», – деді ҚМГ басшысы Асхат Хасенов.
Жоба сондай-ақ декарбонизация бойынша көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік бермек. Бұл гибридті жобада өндірілетін электр энергия көзінің 40%-ы «жасыл» энергияға жатады. Бұл көмірқышқыл газы шығарындыларын айтарлықтай азайтуға жол ашады.
ҚМГ мен Eni компаниясы Жаңаөзен қаласында гибридті электр стансасын салатыны жөніндегі ақпарат 2023 жылдың маусымында шыққан болатын. Ол кезде келісімге «ҚазМұнайГаз» ҰК Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Eni компаниясының Бас атқарушы директоры Клаудио Дескальци қол қойған.
Eni компаниясы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері саласында өзінің еншілес ұйымы Plenitude Arm Wind арқылы жұмыс істейді. Компания Ақтөбе облысында жалпы белгіленген қуаты 96 МВт болатын екі жел электр стансасы — Бадамша-1 және Бадамша-2 сияқты бірнеше жобаны жүзеге асырды. Шетелдік бұл компания Түркістан облысының Шәуілдір кентінде қуаты 50 МВт күн электр стансасын салған болатын. Станса пайдалануға 2023 жылдың күзінде берілді.