Жазық жерлер тапшы: Жапаров қырғызстандықтарды бейіт басына тастан ескерткіш орнатпауға шақырды

Жарияланды
Жапаров зиратқа ескерткіш тас орнатуды орынсыз деп санайды /Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Аружан Махсотова

Президент Садыр Жапаров қырғызстандықтарды зиратқа ескерткіш тас орнатпауға шақырды. Ол бұл дәстүрді орынсыз әрі артық шығындалу деп есептейді. Әрі Қырғызстанда тірі адамдарға орын көбірек қажет болатынын айтқан.

Көрші ел басшысының мәліметінше, Қырғызстан аумағының көп бөлігі яғни 94 пайызы таулы-қыратты жерлер. Жазық жерлердің үлесі тым аз. Жапаров зираттардың көбеюі болашақта жер тапшылығына әкелетінін айтқан.

«Біздің ауылдар мен қалалар жердің осы алты пайызында орналасқан. Егістік жеріміз де аз. Бүгінде біз өзімізді бидаймен де толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Оны шетелден импорттаймыз. Жыл сайын жазық жерлер азайып барады. Ал халық саны жыл сайын өсіп келеді. Халық көбейген сайын азық-түлік тұтыну көлемі де артады. Сондықтан бүгінгі күнмен ғана өмір сүрмеуіміз керек. 40-50 жылдан кейін ұрпақтарымыз қалай өмір сүретінін ойлағанымыз жөн. Оларға бүгін қамқорлық жасамасақ, бұл болашақта, шынымен де, олардың бас ауруына айналуы мүмкін», – деді ол.

Президент зират тұрған жерлердің болашақта ортақ пайдалануға беріліп, үстінен құрылыс салынып кетуі мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар шариғат талаптарында да, заң нормаларында да бұл мәселе ескерілгенін атап өткен.

«Шариғат бойынша кез келген зиратты соңғы жерлеу рәсімі жасалып, жабылғаннан кейін 25 жылдан кейін пайдалануға болады. Жогорку Кенеш қабылдаған тиісті заңдарда да осындай нормалар бар», – дейді Қырғыз президенті.

Ол сонымен бірге өзі туған ауылдан бір мысал келтіріпү Онда жергілікті биліктің зират орнын құрылысқа пайдаланғанын айтқан. Сол үшін де тас ескерткіштер мен кесене орнатуды орынсыз екенін жеткізген. Ал қайтқан адамдардың рухына құран бағыштау арқылы тағзым етуге болады деп санайды.

«Марқұмдардың рухына тағзым ету үшін үйде күнде оларға құран оқуға болады немесе алыс болсаң да еске алуға болады. Осы жеткілікті. Сонда марқұм бақытты болады. Металл ескерткіштер немесе екі қабатты кесенелер орнату біздің дәстүріміз емес. Мен күн сайын таңертең барлық өлгендердің рухына арнап Құран оқимын және бұл ескерткіш орнатудан гөрі миллион есе пайдалы және асылырақ деп ойлаймын. Сондықтан сынға мән бермей, барша қырғызстандыққа зираттарға металл және тас ескерткіштер орнатуды тоқтатуды сұраймын», – деген.

Еске сала кетсек, Қырғыз Үкімет басшысы Ақылбек Жапаров той өткізу дәстүрін ретке келтіруді ұсынған. Қырғыз үкіметінің басшысы қырғыздардың тойлары асабаның құзіретіне не болмаса той иелерінің қалауына байланысты өтетінін, қырғыз тойларының мазмұны дәстүрден алшақтап бара жатқанын айтқан.

«Салт-дәстүр бірдей болу керек. Қырғыздар тұсау кесер, қыз ұзату, үйлену тойларын тойлайды. Тойды бәрі бірдей салт-дәстүрге сай өткізсе жақсы… Әр асаба тойды қалауынша өткізеді. Әр отбасы мәдениетінің деңгейі шамасында өткізіп жүр. Піл болса, оны да той залына кіргізер еді. Тойханаға тіпті ат кіргізеді. Той өткізуді ретке келтіру керек. Елге келген туристер немесе өзіміз шетелге шықсақ та, шетелдіктер біздің салт-дәстүрімізді тойларға қарап бағалайды», – деген болатын Жапаров.

Шенеунік бұған дейін де той мәселесін көтеріп, тойларды бір сценариймен өткізуді ұсынған болатын. Ол тойда ұзын-сонар тілек айту келгендерді шаршататынын айтқан.

Еске сала кетер болсақ, Қырғыз билігі той өткізуді 2022 жылдан бастап ретке келтіре бастаған. Сол кездері Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елдегі шенеуніктерге той және құдайы тамақ үстінде мал бауыздауға тыйым салатын жарлыққа қол қойған.

Сондай-ақ оқыңыз