Қазақстан Қытайға 75 млн доллар келісімшарттары аясында ірі қара мен ет экспортын ұлғайтады
Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытайға ет экспорты көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Ведомство басшысы қытайлық CITIC Construction және Beijing Capital Agro компанияларының жетекшілерімен кездесті. Осы іскерлік кездесуде министрлік пен ҚХР ГТҚ арасында ірі қара малды экспорттауға арналған ветеринарлық талаптарды келісу жөніндегі хаттамаға қол қойылды.
Қазақстан экспортталатын өнім номенклатурасын ұлғайту бойынша жұмыс жүргізуде. АӨК өнімдерінің тағы 10 түрі номенклатураға енгізілмек.
Қытайлық компаниялардың өкілдері Қазақстаннан сиыр еті мен малды тірілей сатып алуды құп көретінін айтты. «Meat processing and Servis company», Agro Silk Way, «Астана Агро Продукт» ЖШС ҚХР компанияларымен осы мақсатта үш келісімшартқа қол қойды. Министр Қытай нарығының жаңа жобаларға жол ашатынын айтты. Қазақстан енді ірі қара мен ет экспортын ұлғайтады.
«2024 жылдың ақпанында ҚХР Үкіметі Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңірлерінен ет өнімдерін экспорттау бойынша шектеулерді алып тастады. Бұл жоғары сапалы азық-түлік өнімдерінің экспортын жаңғыртуға мүмкіндік берді – сиыр етінің бірінші партиясы маусым айында ҚХР-ға экспортталды. Бүгін 75 млн АҚШ доллары сомасына үш жаңа шартқа қол қойылады», – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Ведмство басшысы мал шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға басымдық беретіндерін хабарлады.
«Қытай ауыл шаруашылығы саласындағы біздің ірі сауда серіктестеріміздің үштігіне кіреді. 2023 жылы ҚР мен ҚХР арасындағы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 1,3 млрд АҚШ долларын құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 67%-ға артық. ҚХР-ға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі 2 есеге өсіп, 1 млрд АҚШ долларына жетті. Қытайға экспорттың негізгі көлемі дәнді және майлы дақылдарға, түрлі майларға тиесілі, бірақ біз мал шаруашылығы өнімдері есебінен экспорт көлемін ұлғайту үшін үлкен әлеуетті көріп отырмыз», – деді министр.
2 шілде күні Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға келді. 3-4 шілде күндері Астанада өткен ШЫҰ саммитіне қатысты. АӨК саласында инвестициялық жобаларды дамыту жөнінде екі ел басшысы біраз келісім құжатына қол қойды.
Қазақстан Қытайға жылына 2 млн тонна астық жеткізуге дайын. Әсіресе, ет өнімдерін, майлы және дәнді-дақылдар эскпортын ұлғайтуға мүдделі. Бұл туралы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздерден кейінгі баспасөзге арналған мәлімдеме барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Егіншілікте смарт-жүйесін қолдануға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға және ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге айрықша назар аударылады. Осы орайда Қытайдың тәжірибесі мен технологияларын қолдануға нақты инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделіміз», – деді Президент.
Қазақстан қытайлық Suzhou Eavision Robotic Technologies Co компаниясынан интелектуалды дрондар сатып алмақ. Бұл технологиялық өндірісті шаруалар ауыл шаруашылығы бағытындағы өсімдіктерді қорғау мақсатында пайдаланбақшы. Қазақстан билігі Қытайдың ет қауымдастығымен де ынтымақтастық меморандумына қол қойды.