Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың немере інісі ұсталды

Жарияланды (жаңартылды )
Садыр Жапаровтың немере інісі қамауға алынды / коллаж kursiv.media

Полицейлер Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың немере інісі Ұлан Жапаровты сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен екінші рет қамауға алды. Қамауда ұстау мерзімі 2024 жылдың 19 тамызына дейін жалғасады деп жазды қырғыз ақпарат құралдары өз дереккөздеріне сілтеме жасап.

Vesti.kg ақпаратына сәйкес Бішкектің Первомай аудандық соты Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚК) тергеушісінің 21 маусымдағы өтінішін қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған. Президенттің жиеніне қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы 2024 жылдың 19 тамызына дейін қолданылды.

Kaktus.media сайтындағы мәлімет бойынша Жапаров белгілі бір адамнан 100 мың доллардан астам пара алып, оның Қырғызстан облыстарының бірінде Президенттің өкілі болуына ықпал етуге уәде берген. Бірақ ол уәдесін орындамаған. Осыдан кейін Ұлан Жапаровты Бішкек қалалық ҰҚМК қызметкерлері ұстады.

Кейін Қырғыз Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов Жапаровтың қайта қамауға алынғаны туралы ақпаратқа жауап берді.

«Кейбір ақпараттық сайттар өз дереккөздеріне сілтеме жасап, қылмыс жасады деген күдікпен Президент Садыр Жапаров пен Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиевтің туыстарының ұсталғаны туралы хабарлады. Құзырлы органдар олардың заңсыз әрекеттері туралы ресми ақпарат береді», — деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Алагөзов Қырғызстанның басшысы «заңсыз әрекеттермен айналысатындарды бүркелемейтінін» атап өтті.

«Президент Садыр Жапаров қылмыс жасағандар лауазымы мен әлеуметтік жағдайына қарамастан қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылуы тиіс деген ұстанымына берік», – деп түйіндеді Қырғыз Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы.

2023 жылдың маусым айында Ұлан Жапаров кеденге қатысты сыбайлас жемқорлық схемаларына қатысқаны үшін ұсталған. Содан кейін ол Бішкектегі №1 тергеу изоляторына қамалды, бірақ төрт айдан кейін үйқамаққа шығарылды. Ұланның әкесі Рақымжан Жапаров пен Президент Садыр Жапаров — немере ағайын.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың немере қарындасы Лазат Нұрқожаеваға екі апта бұрын ұсыныс жасаған жігіт ұсталды.

Қырғызстан құзырлы органдарының хабарлауынша, Лазат Нұрқожаеваның күйеу жігіті Афтандил Сабырбеков 3 тамызға дейін уақытша тергеу изоляторына қамалған.

Оған Қырғызстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 282-бабының 3-бөлігі – «Аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және сол тектестерді заңсыз дайындау» бойынша қылмыс жасады деген айып тағылған.

Сондай-ақ оқыңыз