Премьер-Министр Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған жаңа үйлердің құрылысы кестеден 15-25 күнге артта қалып жатқанын айтып, өңір әкімдерін сөкті. Бүгінде Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола және Атырау облыстарында құрылыс жұмыстары баяу жүріп жатыр.
«Қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын жеделдету қажет. Құрылыс материалдарын жеткізуге, еңбек ресурстары мен арнайы техниканы алаңдарда жұмылдыруға байланысты барлық мәселені жылдам шешу қажет. Кестеден кешігуге әкеліп соғатын барлық проблемалар туралы дереу орталыққа хабарлау керек. Қажет болса, біз ресурстарды қайта бөліп, техника мен адамдарды көбейтеміз», -деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы барлық құрылыс нормалары мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы маңызды екенін де қатаң ескертті.
«Бұл мәселелер азаматтарды алаңдатпауы керек. Өңірлердің әкімдері үйлердің сапасына жеке жауап береді», — деді Бектенов.
Үкімет басшысы әкімдерге әрбір нысанға адамдар мен техника жұмылдыруды тапсырып, Президент жүктеген міндеттерді орындау үшін шамамен 2,5 ай қалғанын еске салды. Бұл ретте Премьер-Министр құрылыс нормаларын бұзуға жол бермеу керектігін талап етті.
Өңір әкімдеріне Үкімет басшысының қатаң ескерту жасауы бірінші рет емес. Бектенов бір ай бұрын да жергілікті билік органдары жұмысына салғырт, шешім қабылдауда баяу, оған қоса ұйымдастыру ісінде әлсіздік байқалады деп өңір әкімдерінің көңілі толмаған еді. Премьер-Министр су тасқынынан бүлінген үйлерді белгіленген мерзімде әрі сапалы салуды сол уақытта да талап еткен болатын.
Олжас Бектенов 28 мамырда өткен Үкімет отырысында да су тасқынынан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру мен құрылыс жұмыстары баяу жүріп жатқанын айтқан болатын.