Көкшетаудағы ЖЭО құрылысы бойынша жұмыстар биыл басталады
Көкшетауда жылу электр орталығының құрылысы 2024 жылдың үшінші тоқсанында (шілде-қыркүйек) басталады. Бұл туралы өңір әкімдігі хабарлады.
«Көкшетауда ЖЭО құрылысы бойынша жұмыстарды үшінші тоқсанда бастау жоспарлануда. Облыс әкімі Марат Ахметжанов «Самұрық-Энерго» АҚ өкілдерімен өткізген кеңесте Көкшетау қаласында ЖЭО құрылысының жобасын іске асыру мәселелерін талқылады», – делінген хабарламада.
Өңір басшысы облыс орталығын жылумен қамтамасыз ету стратегиялық маңызды мәселелердің бірі екенін айтады. Өйткені Көкшетауда жылу электр орталығы жоқ – тек аудандық қазандықтар ғана бар. Орталықтандырылған ыстық су құбыры болмағандықтан, тұрғындар өз қаражатына электрлі су жылытқыштар сатып алып, орнатуға мәжбүр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында ЖЭО құрылысына ерекше көңіл бөлінеді. Біз барлық күш-жігерімізді салып, жобаны уәде етілген мерзімде іске асыруымыз керек», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
«Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов кеңеске қатысушыларды жобалық жұмыстардың басталуы және жобаны іске асыру жөнінде алдағы жоспарлар туралы хабардар етті. Атап айтқанда, «Самұрық-энерго» АҚ-мен ЖЭО құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін өзектендіру рәсімі басталған және «Көкшетау ЖЭО» ЖШС құрылды. Сондай-ақ «ИНТЕР РАО-Экспорт» ЖШҚ-мен жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге келісімшарт жасасу келісу сатысында екенін жеткізді. Жер учаскесін бөлу және бастапқы деректерді жинау мәселесі де пысықталуда.
Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры «Көкшетау ЖЭО», «Семей Энерго» және «Өскемен Энерго» жылу энергия орталықтарының 50%-на иелік етеді. Оларды ресейлік «ИНТЕР РАО Экспорт» компаниясы салады.