Қазақстанда ауыр қылмыс жасап қамауға алынғандар саны артып келеді. Жоғарғы Сот мәселені шешудің тиімді жолын ұсынды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Жоғарғы Сот күдіктілерді қадағалаудың жаңа жүйесін енгізбекші / Фото: архив kursiv.media 

Статистика бойынша Қазақстанда жыл сайын 11 мыңға жуық адам сотқа дейін қамауға алынады. Әсіресе, ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған күдіктілер саны басым. Жоғарғы сот олардың санын азайту үшін енді электронды білезік арқылы бақылау жүйесін кеңейтуді көздеп отыр.

Жоғарғы соттың мәліметінше, тергеу органдарының ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша күдіктілерді қамауда ұстауға санкция беру туралы өтініштерінің саны 30%-ға өскен.

«Бұл жағдай тергеуге қамауға алынған адамдарды азайтуға және баламалы бұлтартпау шараларын кеңейтуге қатысты Қазақстан қабылдаған бағытқа жауап бермейді. Күдіктіні немесе айыпталушыны бақылаудың тиімді әдістерінің бірі – бүкіл әлемде кеңінен қолданылатын электронды бақылау жүйесі (электронды білезіктер). Бұл күдіктінің тергеу мен соттан жасырынып, қылмыстық әрекеттермен айналысуын жалғастырады деген алаңдаушылықты болдырмауға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Жоғарғы Сот.

Ведомствоның хабарлауынша, мемлекет үшін тергелетіндерге электрондық мониторинг жүйелерін қолдану және оларға қызмет көрсету, тергеу изоляторында ұстауға қарағанда арзанырақ. Сонымен қатар бұл адамдар өмір салтын сақтай отырып, жұмысын жалғастыра алады.   

Бұл мәселені реттеу үшін Жоғарғы Сот биыл сәуір айында елордада пилоттық жоба бастаған. Оның аясында электронды бақылауды қолдану кеңейді.

«Осы кезеңде тергеу соты тергеу органдарына 26 күдіктіні қамауға алудан бас тартты. Оның орнына, оларға қатысты бұлтартпау шарасы – электронды білезіктер тағумен үй қамағына алу таңдалды. Электрондық бақылау құралдарын қолданудың негізгі үлесі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеп-тексеретін істер бойынша – 14 (Полиция департаменті – 10, Экономикалық тергеу департаменті-2)»,  – делінген хабарламада.

Білезіктерді қолданудың алгоритмі де жасалған. Енді Жоғарғы Сот елордалық соттың оң тәжірибесін еліміздің барлық аймағында жүзеге асырмақшы. Бұл қамауға алынғандар санын азайтуады деген болжам бар.

Еске салсақ, жыл басында ҚРІшкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті есептегі азаматтарды бақылауға арналған электронды білезіктерді 1,5 млрд теңгеге жуық қаражатқа жалға алуды жоспарлағаны мәлім болды. Нақтырақ айсақ, комитет жабдықты жалға алуға 1 482 300 000 теңге жұмсамақшы болған. Бұл қаражат электронды білезіктерді 3 жылға жалға алуға жетеді. Әр жылғы жалға алу құнына тоқталар болсақ, 2024 жылға – 406 260 000 теңге, 2025 жылға – 488 610 000 теңге, 2026 жылға – 587 430 000 теңге жұмсамақшы. Қызмет көрсету мерзімінің аяқталу уақыты құжатта 2026 жылдың 31 желтоқсаны деп көрсетілген.

Сондай-ақ оқыңыз