Жаңалықтар

Азиядағы трейдерлер сауда тәуекелдеріне байланысты TSMC акцияларын жаппай сатып жатыр

Азияда сауда тәуекелдеріне байланысты технологиялық акцияларын инвесторлар жаппай сатып жатқан компаниялар арасында TSMC мен Tokyo Electron көш бастап тұр / Фото: Reuters/Ann Wang

Азиялық технологиялық компаниялардың акциялары қатарынан екінші күн құлдырап жатыр. Бейсенбі, 18 шілде күнгі, жаппай сатуға АҚШ-тың Қытайды жартылай өткізгіштен шектей түсу қаупі себеп болды. Мол табыс түседі деген болжамға қарамастан, келісімшартпен чип өндіретін алпауыт – TSMC бағалары айтарлықтай төмендеді. Литографиялық жабдықтың Азиядағы ірі жеткізушісінің бірі – Tokyo Electron акциялары соңғы 16 жылдағы ең жаман екі күндік құлдырау жолында тұр.

Толығырақ

18 шілде күні Токиодағы саудада 11%-ға құлдыраған Tokyo Electron акциялары 2008 жылдан бергі ең жаман екі күндік құлдырау жолында дейді Bloomberg. TSMC бағалары да Тайбэде 4,3%-ға, Samsung Electronics Сеулде 3,3%-ға төмендеді. Bloomberg Asia Pacific Semiconductors индексі осы аптада шамамен 5% жоғалтты.

Азиядағы құлдыраумен қатар Ақ үй Қытаймен саудадағы шектеуін күшейте түсуі мүмкін деген хабардан кейін өткен түні АҚШ-тағы акциялар да құлдырады. Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, Tokyo Electron мен голландиялық ASML және басқа батыстық литографиялық жабдық өндірушілер Қытайға чип шығарудың озық технологиясын беруді қоймаса, Вашингтон осы айтқанын істемек. 17 шілдеде басталған жаппай сатудың алдында ірі технологиялық компаниялардың «керемет жетілігі» акциялары төмендеді. Президент болуға үміткер Дональд Трамптың АҚШ-тың Тайваньды қорғау міндетіне күмән келтірген мәлімдемелері TSMC-дің жүгін ауырлатты.

Сарапшылар не дейді?

Global X Management инвестициялық стратегі Билли Люн: «Акциялар бағасындағы мұндай ауқымды өзгеріс оның нақты іргелі шиеленістен емес, нарықтық көңіл-күйден туындап тұрғанын көрсетеді», – деді. Оның айтуынша, сауда шектеуін бірте-бірте қатайтудан мұндай салдар болмауға тиіс, себебі саудадағы шектеу – үнемі болып келе жатқан тұрақты мәселе. «Инвесторларға, бәлкім, шамадан тыс бағаланған секторда отыру тиімді шығар», – деп толықтырды сарапшы.

TSMC-дің екінші тоқсандағы қаржылық есебінде «геосаяси тәуекелдерді төмендету стратегиясын» талқылау да қамтылуы мүмкін деп жазды Morgan Stanley сарапшысы Чарли Чан. Nvidia мен Apple-ге негізгі чип жеткізуші ол есебін бүгін жариялайды.

Сарапшылар есептеу қуаттылығына деген сұранысты арттырған ЖИ дүрбелеңінің арқасында TSMC табысы 30%-ға күрт өседі деп күтіп отыр деп жазады Reuters. 21 сарапшыдан алынған LSEG SmartEstimate деректеріне сүйенсек, TSMC 30 маусымда аяқталған тоқсанда 238,8 млрд тайван доллары ($7,33 млрд) мөлшерінде таза пайда тапқанын хабарлауға тиіс. SmartEstimate бағалауда сирек қателесетін сарапшылардың болжамына көбірек сенеді.