Сауда үстемесін арттырған: Esentai Gourmet гастрономы, SMALL мен METRO сауда желісіне айыппұл салынды
Сауда үстемесін арттырғаны үшін Esentai Gourmet гастрономы, SMALL мен METRO сауда желілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті хабарлады.
«Сауда үстемесін арттырғаны үшін Алматы қаласындағы республика көлемінде бірнеше филиалы бар «SMALL» және «METRO» ірі сауда желілері, сондай-ақ мегаполистегі аса ірі премиум-класстағы «Esentai Gourmet» гастрономы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада.
Сауда комитетінің өңірлердегі департаменттері сауда заңнамасын бұзғаны үшін жыл басынан бері 2 357 әкімшілік іс қозғаған. Осының нәтижесінде 2 228 әкімшілік қаулы қабылданып, 381 сауда субъектісіне айыппұл салынса, құқық бұзушылықты алғаш жасаған кәсіпкерлік субъектілеріне 1 847 ескерту берілді.
Кәсіпкерлер негізінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің екі бабын бұзған. Біріншіден, саудагерлер әлеуметтік маңызы бар тауарларды қымбатқа сатқан. Екіншіден, нақты баға белгілемей, әртүрлі бағада сатқан.
«Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, биыл 6 айда мемлекеттік бақылау нәтижелерінің көрсеткіші 2 есе өсті», – дейді комитет.
Бір апта бұрын, 10 шілдеде, Бәсекелестікті қорғау агенттігі ірі сауда желілерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы заңмен белгіленген 15% сауда үстемеақысынан асып кетті деп айыптады. Бұл жағдай түпкілікті тұтынушы үшін өнімдердің қымбаттауына әкелді.
Монополияға қарсы орган сонымен қатар бөлшек сауда желілері өнім жеткізушілеріне өнімді жылжыту, жарнамалау, компанияны жылжыту және бөлшек сауда алаңын сату бойынша («желіге кіру үшін» бонус деп аталады) қызметтерді қоса атқаруды жүктеп жатқанын хабарлады. Сондай-ақ агенттік бөлшек сауда желілері ақпараттық қызметтерді көрсету үшін жылына үш рет (тоқсан, жартыжылдық және жыл) ақы алатынын көрсетеді.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сынынан кейін Magnum желісі көкөніс сатып алу үшін Алматы әкімдігінен несие алатыны белгілі болды.