Британдық Nostrum Oil & Gas компаниясы Қазақстандағы мұнай мен газ қорын 6 еседей арттырды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
«Дала барысы» кен орнында қанша мұнай бары белгілі болды / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Британдық Nostrum Oil & Gas PLC компаниясының еншілес кәсіпорны – қазақстандық «Жайықмұнай» компаниясы «Дала барысы» кен орнындағы мұнай қоры туралы ақпаратты жариялады. Аталмыш компания кен орнының 80 пайыз үлесін иеленеді. Алдын ала болжам бойынша, бұл кен орнында 138 млн мұнай барреліне балама көмірсутек қоры бар. Осы қор есебінен Nostrum Oil & Gas PLC компаниясының құны 220 млн долларға дейін артады.

«Шамамен дәлелденген және ықтимал қор (соның ішінде шамамен 25% сұйық көмірсутек) 138 млн мұнай барреліне баламаны құрайды. Нәтижесінде Nostrum-ның мұнай қоры 6 еседей (23 млн баррельден 133 млн баррельге дейін) артты. Сонымен қатар компания құны салық салынғаннан кейін, 220 миллион АҚШ долларына жетеді», – делінген компания хабарламасында.

Xodus Group Limited дайындаған есепте 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша «Дала барысы» кен орынының қоры қанша жылға жететіні бағаланған.

«Бұл «Дала барысы» кен орындарын толық көлемде игерудің коммерциялық мүмкіндігі мен әлеуетін растайды. Атап айтқанда, Чинаревское кен орнында өңдеу қуатын және экспорттық инфрақұрылымды дамыту арқылы біз «Дала барасы» кен орнын игеру жобасының экономикасын жақсартуға және операциялық қызметіміздің ауқымын арттыруға көмектесетін күрделі салымдардың тиімділігіне қол жеткізіп отырмыз», – деп атап өтті компания бас атқарушы директоры Арфан Хан.

«Дала барысына» қатысты есеп кен орнын игерудің бірінші кезеңіне арналған түпкілікті инвестициялық шешімді қабылдауға негіз болмақ. Сонымен қатар коммерциялық мүддеге сай келетіні расталды.

Nostrum Oil & Gas PLC 2023 жылдың наурызында Батыс Қазақстан облысындағы Каменское және Каменско-Тепловско-Токаревское кен орындарында көмірсутектерді игеруге және өндіруге құқығы бар «Позитив Инвест» компаниясының 80% үлесін 20 млн долларға сатып алған.

Компания басшылығы кен орнынан алынатын мұнай қоры 50-150 млн баррелді құрайды деген болатын. Лицензиялық келісімдерге кеңес заманынан келе жатқан 100-ден астам ұңғыма бұрғыланған сегіз кен орны кірді. Сол жылдың қыркүйегінде «Дала барысы» кен орындарында барлау жұмысы басталатынын хабарлады.

«Дала барысы» кен орны Чинаревское кен орнынан батысқа қарай шамамен 60-120 км жерде және мұнай мен конденсат жөнелту терминалынан 10 км қашықта орналасқан.

Nostrum Oil & Gas PLC – мұнай және газ өндірумен, сондай-ақ Каспий бассейніндегі мұнай және газ кен орындарын барлаумен және игерумен айналысатын тәуелсіз мұнай-газ компаниясы. Негізгі акционерлері – Ұлыбританияда тіркелген ICU Holdings Limited, EMOV Caspin Holdings Limited және Amundi. Компания Ұлыбританияда да тіркелген, бірақ мұнай мен газды барлау және өндіру қызметін Қазақстанда жүргізеді.

Компанияның негізгі активі – еншілес кәсіпорны – «Жайықмұнай» басқаратын «Чинаревское» кен орны. Бұл кен орнындағы жер қойнауын пайдалану құқығының 100 пайызы «Жайықмұнай» компаниясына тиесілі.

 «Жайықмұнай» ЖШС-нің 2023 жылғы таза шығыны 93,1 млн долларды құрады. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда(83,3 млн доллар) 10 млн долларға жоғары.

Сондай-ақ оқыңыз