Ақпарат министрлігі журналистерді аккредиттеу жүйесін жеңілдету үшін медиа платформа құруды ұсынды
Мәдениет және ақпарат министрлігі журналистерді аккредиттеу процесін жеңілдету үшін медиа платформа құруды ұсынды. Ведомство құжатты 1 тамызға дейін талқылауға шығарып, «Ашық НҚА» жүйесінде орналастырды.
Аккредиттеу – мемлекеттік органдардың немесе ұйымдардың БАҚ өкілдерін тағайындау және олардың өкілеттігін тану рәсімі.
Құжатқа сәйкес, жаңа ережелер аккредиттеудің жеңілдетілген тәртібін қамтиды. Ведомство аккредиттеу карталарын бере отырып, бірыңғай медиа платформа құруды ұсынады. Аккредиттеуші ұйымдар өтініш қабылдау туралы платформада хабарландыру жариялап, оның қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне карта береді.
Аккредиттеудің қазіргі тәртібі бойынша ведомство немесе ұйым сайтында хабарландыру жариялап, БАҚ құжаттарымен қоса, өтініш беріп, деректерді тексеру басталады. Шешім қабылдағаннан кейін, БАҚ өкілдеріне жазбаша немесе электрондық түрде хабарлама келеді. Журналистер мен блогерлер белгілі бір мерзімге ғана аккредитеуден өте алады.
Мәдениет министрлігі аккредиттеудің жаңа ережелері «Масс-медиа туралы» заңды іске асыру шеңберінде әзірленгенін атап өтті.
Бұдан бөлек, министрлік бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің өзін-өзі реттеу мәселелері жөніндегі қоғамдық-кәсіптік кеңес құруды жоспарлап отыр. Кеңес бұқаралық ақпарат құралдарының қызметінде Әдеп кодексінің кәсіптік стандарттарының сақталуын қамтамасыз етеді.
19 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Масс-медиа туралы» заңға қол қойды. Жаңа заңға «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың негізгі ережелері енді. Аталған заңдар алдағы уақытта күшін жояды.