Миллиардер Ыдырысовтың отбасына қатысы бар «Ақтөбе мұнай жабдықтары» зауытының кірісі 85 есе қысқарды
Миллиардер Дінмұхамет Ыдырысовтың отбасына тиесілі «Ақтөбе мұнай жабдықтары» зауыты 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 10,1 млн теңге таза пайда тапты. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасына ұсынған қаржылық есебінде жазылған.
Өткен жылдың сәйкес кезеңінде зауыт 858 млн теңге табыс тапты. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 85 есе артық.
Зауыттың кірісі екі есеге – 5,6 млрд теңгеден 2,8 млрд теңгеге дейін қысқарды. Барлық шығындарды ескере отырып, компания 12,8 млн теңге операциялық шығынға ұшырады. 2023 жылғы 1 млрд теңге операциялық пайда тапқан. Зауыт қаржылық кіріс есебінен салық төлегенге дейін 12,7 млн теңге, ал одан кейін 10,1 млн теңге пайда тапты.
«2024 жылдың қаңтар-маусымында зауыт активтері 1,4%-ға – 7,79 млрд теңгеден 7,91 млрд теңгеге дейін артты. Капиталы – 0,2%-ға – 4,26 млрд теңгеден 4,27 млрд теңгеге өсті. Сонымен қатар міндеттемелер – 2,9%-ға артып, 3,5 млрд теңгеден 3,6 млрд теңгеге жетті», – деп жазылған компанияның қаржылық есебінде.
Айта кететіні, 2023 жылы зауыт жақсы нәтиже көрсетті. Компанияның мәлімдемесіне сәйкес, былтыр зауыттың таза кірісін шамамен 10 есеге өскен. Яғни 2022 жылғы 58,6 млн теңгеден 2023 жылы 491,7 млн теңгеге дейін.
«Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» – 2001 жылы 15 тамызда ЖШС болып тіркелді. 2004 жылы 7 маусымда акционерлік қоғам болып қайта құрылды.
Кәсіпорын мұнай кәсіпшілігі мен бұрғылау геологиялық барлау жабдықтарын өндірумен айналысады. Оның негізгі сатып алушылары – «Маңғыстаумұнайгаз», «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнай».
Компанияның 2023 жылдың аяғындағы акцияларына: Оңғарбек Болысбеков – 29,9%, Магда Ыдырысова (Дінмұхамет Ыдырысовтың әйелі) – 29,9%, Ордабасы тобы – 28,38%, Лаззат Бидашева – 11,69%, басқа да жеке тұлғалар – 11,30%-ына иелік етеді. Ал eGov.kz сайтынан алынған ақпаратқа сүйенсек, Ordabasy Group құрылтайшылары Дінмұхамет Ыдырысов пен Жармұхамед Аппаз болып табылады.
Дінмұхамед Ыдырысов Forbes тізімінде Қазақстандағы ең бай бизнесмендер арасында 17-ші орында тұр. Ол Ordabasy Group-тан бөлек Шымкент, Қарағанды, Түркістан және Маңғыстауда жұмыс істейтін «Қазақстанның коммуналдық жүйелері» компаниясына ие.