Энергетика министрлігі АИ-92-нің бөлшек саудадағы бағасын алдын ала реттеп отырады. Егер мемлекеттік реттеуді алып тастаса бағасы литріне бес теңгеге қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елордада өткен жиын барысында айтты.
«Егер болжамды өсім туралы айтатын болсақ, менің ойымша, қысқа мерзімді перспективада баға ең көбі бес теңгеге өседі. Бірақ оны нарық көрсетеді. Қазір айтарлықтай әсер ететін факторлар жоқ», – деді Сәтқалиев.
Министр жанармай бағасын көтерудің объективті факторы оның тапшылығы екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта мұндай факторлар мүлде жоқ. Бізқор құрдық, яғни барлық мұнай өнімдері бойынша нарықта профицитіміз бар. Оның үстіне биылғы жылдың қыс мезгілінде өнімдердің артық жиналуын болдырмау үшін зауыттардың жұмысын біраз тоқтаттық. Яғни, қазір бізде абсолютті профицит бар, сондықтан күрт өсімге себеп болатын факторлар жоқ», – деді ведомство басшысы.
Бұған дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жанар-жағармай бағасын реттеуден бас тартуды бірнеше рет ұсынған болатын. Өйткені, ішкі нарықты шикізатпен қамтамасыз ететін мұнай-газ компаниялары ішкі бағаларды мемлекеттік реттеу салдарынан шығынға ұшырайды. Ал экспортқа жеткізілетін шикізат құны әлдеқайда жоғары.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың 11 сәуірінде Энергетика министрлігі ішкі нарықта отын балансын сақтау, сондай-ақ мұнай өнімдерінің ағындары мен «сұр» экспорт тәуекелдерін азайту мақсатында автокөліктің тұтыну көлемі мен шығу тегіне байланысты Аи-92, Аи-93 бензині мен дизель отынына қатысты баға саясатына өзгерістер енгізді.
АИ-92 литрінің бөлшек саудадағы құны Қазақстанда – 205 теңге болса, Арменияда – 555 теңге, Қырғызстанда – 318 теңге, Ресейде – 244 теңге, Өзбекстанда – 405 теңге. Қазақстанда жергілікті жүргізушілер үшін дизель отынының бір литрінің бөлшек саудадағы бағасы – 295 теңге, Арменияда – 612 теңге, Қырғызстанда – 363 теңге, Ресейде – 316 теңге, Өзбекстанда – 450 теңге.