Өзбекстан азаматы «Тәжен» кеден бекетінен есірткі алып өтпек болған
Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында орналасқан «Тәжен» кеден бекетінде Өзбекстан азаматы есірткі алып өтпек болған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлайды.
ҚМА мәліметіне сүйінсек, кеден бекетінде Lada Largus жеңіл автокөлігін тексеру кезінде пакетке оралған күдік тудырған зат табылды. Тексеріс барысында көліктегі азамат қызметкердің қолынан пакетті жұлып алып, оны жұтып қойды.
Кеден қызметкерлері азаматты ауруханаға жеткізіп, асқазанына компьютерлік томография жасады. Сараптама нәтижесінде салмағы 1,26 грамм психотроптық метамфетамин гидрохлориді табылды.
Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Есірткі заттарын сақтау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Айта кетейік, 2024 жылдың басынан бері ҰҚК есірткінің заңсыз айналымына қарсы 96 операция жүргізіп, 40-тан аса есірткі жеткізу арнасын жойған.