Досаев Алматы тұрғындарының мәдениетін сынға алды

Жарияланды (жаңартылды )
Жерүсті көпірлеріндегі мүгедектерге арналған лифтілердің ішінде қала тұрғындары тазалық сақтамайды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Алматы әкімі Ерболат Досаев қала тұрғындарының мәдениетін сынға алды. Айтуынша, жерүсті көпірлерінде орналасқан мүгедектерге арналған лифтілердің жұмысына кедергі келтіретін адамдар бар. Олар нысанды қоқысқа толтырып, нағыз пайдалануға мұқтаж адамдардың қозғалысына кедергі келтіреді. Сол себепті жергілікті атқарушы орган осындай шектеулер енгізуге мәжбүр екен.

Қала әкімінің Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесуінде мүмкіндігі шектеулі қала тұрғыны өзінің жерүсті көпірімен өтетін кезде кедергілерге тап болатынын жеткізді.

«Мен қаладағы барлық көпірді тексеріп шықтым. Олардың біреуінде лифт жұмыс істемейді. Мен Алматы Аренадан, Пезидент паркіне дейінгі көпірлердің бәрін тексеріп шықтым. Ешқайсысы жұмыс істемейді. Олардың жұмыс істеуі үшін кілт керек екен. Сонда мен әр көпірден өту үшін әрқайсысының кілтін арқалап жүруім керек пе?»,  – деді тұрғын.

Шаһар басшысы инклюзияға қатысты қала құрылысына құжаттарына өзгеріс енгізіліп жатқанын, онда бұл мәселе ескерілетінін айтты. Досаев сол мақсатта Заңға өзгеріс енгізілетінін, оған сәйкес Алматының өзінің құрылыс ережесі болатынын атап өтті.

«Алматы дизайнына инклюзияға қатысты өзгерістер енгізіліп жатыр. Жерүсті өткелдеріне қатысты айтар болсам, осы жылдан бастап 5 жерүсті көпірі жаңа стандарттарға сәйкес жаңғыртылады. Біз оны Оңай картасымен үйлестіруді көздеп отырмыз. Бірақ өзіңізге белгілі, біздің қала тұрғындарының мәдениеті көңілден шыға бермейді. Олардың аталмыш лифтілерді қандай орындарға айналдырып жіберетінін көріп жүрсіздер. Сол үшін біз шектеулер қоюға мәжбүрміз. Лифтілердің барлығы жөндеуден өткізіліп, осы жыл соңында пайдалануға беріледі», – деді шаһар басшысы.

Еске сала кетсек, ҚазСтандарт мүгедектігі бар адамдардың банктердің қаржылық қызметіне толық және кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін ұлттық стандарт әзірледі. Ұлттық стандарт ерекше қажеттілігі бар клиенттерге қызмет көрсету жөніндегі нұсқаулықты қамтиды. Мұнда мүгедектігі бар адамдармен қарым-қатынас жасаудан бастап, кеңседе қаржылық қызмет ұсыну, сонымен қатар түрлі коммуникация әдістерін пайдалану мәселелері қозғалады.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжан екінші деңгейлі банктер қаржылық қызмет көрсету кезінде ерекше қажеттілігі бар клиенттердің құқығын аяқ асты етіп отырғанын айтып, дабыл қаққан болатын.

«Қазақстанда 700 мыңнан астам адамның мүгедектігі бар. Олар еліміздің басқа азаматтары секілді банктердің пластикалық карталарын қолданады. Сол арқылы аударым, төлем жасап, жәрдемақы алады. Бірақ мүгедектігі бар адамдар үнемі банк тарапынан кемсітушілік көреді. Себебі қаржы ұйымдарының қызметін өзгелермен бірдей пайдалана алмайды», – деген еді депутат.

Оның сөзінше, банктерде пандус пен көтергіш бола бермейді, ал кассалардың терезелері тым биік орналасады. Оған мүгедектер арбасындағы адамның бойы жетпейді. Мобильді қосымшалар мен банкоматтар зағип және нашар көретін адамдарға арналған технологиямен, банк карталары брайльмен жасалған тактильді сәйкестендіру белгісімен жабдықталмайды.

Сондай-ақ оқыңыз