Қуандық Бишімбаев әлі түрмеге ауыстырылмаған. Ол уақытша ұстау изоляторында жатыр. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков айтты.
Комитет басшысының айтуынша, сотталушы алдағы бірнеше күнде Ақмола облысындағы қауіпсіздігі жоғары жаза өтеу мекемесіне жеткізіледі.
«Сотталған азамат Қуандық Бишімбаев әлі де жаза өтеу мекемесіне ауыстырылған жоқ. Алдағы күндері бұл мәселе шешіледі. Оны бекітілген жоспарға сәйкес, қауіпсіздігі жоғары мекемеге ауыстырамыз. Ол өзінің жазасын сонда өтейді», – деді.
Брифинг барысында журналист оның еңбекпен қамтылу мәселесі жөнінде сұрады. Комитет өкілі оның заңнамаға сәйкес еңбекпен айналысуына құқы бар екенін айтты.
«Иә, біз сотталғандарды еңбекпен қамтимыз. Өндірістік аймақтарда неше түрлі қызмет түрлері бар. Ол ағаш өңдеумен, металл өңдеумен айналыса алады. Бұл жұмыс орындарына «Еңбек» республикалық мемлекеттік мекемесі арқылы жұмысқа орналаса алады. Мекемеге жеткізілген соң, ол 15 күн карантинде жатады. Бишімбаев кәдімгі қатардағы сотталушы ретінде мекемеге орналастырылады. Онымен ары қарай түзеу жұмыстары жүргізіледі, еңбекпен қамтылады, психолог жұмыс істейді. Яғни заң талаптарына сәйкес, тиісті кешенді процедуралар жүргізіледі», – деді комитет басшысы.
Еске сала кетсек, 26 маусымда Астанада Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов ісі апелляция сатысында қаралды. Апелляциялық сот бірінші инстанцияда шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Сотталушыларға қатысты сот үкімі 13 мамырда шықты. Сот үкіміне сәйкес, экс-министр Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қинау) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ол сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Осылайша, сот үкімімен Бишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Бишімбаев жасаған қылмыс қауіпті қылмыстың қайталануы деп танылды.
Үкімге сәйкес, ол қауіпсіздігі қатаң деңгейдегі қылмыстық-түзету мекемеде жазасын өтеуі тиіс. Бишімбаевтың 2023 жылы 9 қарашадан бері тергеу изоляторында қамауда отырған әр күні 1 күн болып есептеледі. Яғни оның жалпы жазасын өтеу мерзімі 23 жыл 6 айға созылады.
Бишімбаевтың туысы, Бақытжан Байжанов аса қауіпті қылмысты жасырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 432-бабында қарастырылған айыпқа сәйкес, кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығын айыру туралы сот үкімі шықты. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейтін болады. Оның қамауға алынған 11 қарашадан бастап тергеу изоляторында өткізген әр күні 1,5 күн болып есептеледі.
Сонымен қатар Бишімбаевтан сот экспертизасының шығындары үшін мемлекетке 2 млн теңге өндіріп алу да қарастырылған.
Бишімбаевты ұстаған екі полиция қызметкері де жауапқа тартылды.