Жарты жылда шикізаттық емес экспорт көлемі 7%-ға артқан
Қазақстанда теміржол көлігімен тасымалданатын шикізаттық емес экспорт көлемі 7 пайызға артқан. Бұл жайлы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Биыл бірінші жартыжылдықта теміржол көлігімен тасымалданатын шикізаттық емес экспорт көлемі ұлғайды. Алты айда шикізаттық емес жүктер экспортының көлемі шамамен 10 млн тоннаны құрады. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артық», – делінген баспасөз хабарламасында.
Атап айтқанда, химиялық және минералды тыңайтқыштар 11%-ға, түсті металдар 9%-ға, қара металдар 15%-ға және басқалар 11%-ға артқан. Сонымен бірге бидай ұны, тұз, өсімдік майының да экспортының көрсеткіштері көтерілген.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қытай Халық Республикасы бағытында жалпы экспорт белсенді түрде артып келеді. Бұл бағыттағы тасымалдау көлемі жарты жылдың ішінде 19%-ды құраған. Солайша шикізаттық емес өнім көлемі 6,8 млн тонна болған.
Еске сала кетсек, 16 мамыр күні өткен Сенат отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 2023 жылы шикізаттық емес өнімдер экспортының 5,7%-ға төмендегенін айтты.
«Көлем шамамен 6%-ға қысқарып отыр. Бұл – айтарлықтай үлкен көрсеткіш. Қазақстан шикізаттық емес тауарлардың экспортын қысқартқан. Бұл біздің стратегиялық ұстанымдарымызға мүлдем сәйкес келмейді. Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында бұл көрсеткіштер құлдырауын жалғастырып, шикізаттық емес өнімдер экспорты 7,2%-ға төмендеген. Біз ЕАЭО мүмкіндіктерін дұрыс пайдалануымыз керек. Осы орайда министрлік белсенді жұмыс істеуі керек деп санаймыз. Ал әзірге біз көріп отырған экспорттық көрсеткіштер көңіл көншітпейді», – деді Сенат төрағасы.
Айта кетсек, 29 сәуірде министр Шарлапаев дамудың шикізаттық моделінен бас тарту мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Ол ішкі өңдеуді ұлғайта отырып, дамудың шикізаттық моделінен бас тарту мүмкіндігі бар деп санайды. Бұл мақсатқа министрлік инвестицияларды тарту, жобаларды және жүйелі шараларды іске асыру есебінен қол жеткізуді көздеп отыр.