Алаяқтар жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі атынан телефон шалады – Антикор

Жарияланды (жаңартылды )
Мемлекеттік орган алаяқтар агенттіктің атынан қоңырау шалатынын хабарлады / фото: Pixabay.com

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мессенджерлер (WhatsApp, Telegram және басқа да байланыс арналары) арқылы жалған хабарлама тарап жатқанын ескертті. Антикор мәліметі бойынша алаяқтар бөгде аккаунттардан ақпарат жібереді. Тіпті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығы мен орган қызметкерлерінің атынан қоңырау шалады.

«Алаяқтар Антикор символикасы бар арнайы жасалған құжаттардың файлдарын жібереді. Жалған ақпаратқа сенбеуді, күмәнді сілтемелерге өтпеуді, сондай-ақ қолма-қол ақша аудармауды сұраймыз. Аталған хабарламаларды алған жағдайда, осы фактілер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлаңыз», – делінген Антикор телеграм желісінде.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қазақстандықтарға бұған дейін де ескерту жасаған. Алғашында хакерлер жалған аккаунттар қолданатынын қаперге салды. Алаяқтар мұнымен шектелмей өздерін «агенттік қызметкерімін» деп таныстырып, адамдарға қоңырау шала бастады.

Осыған дейін мессенджерлерде Үкімет басшысы атынан да қаражат аударуға үндейтін жалған хабарламалар таралған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз