Су тасқынынан кейін инфрақұрылымды қалпына келтіруге қосымша 22,7 млрд теңге бөлінді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Су тасқынынан кейін инфрақұрылымды қалпына келтіруге қосымша 22,7 млрд теңге бөлінді / коллаж kursiv.media

Қазақстан Үкіметі көктемгі су тасқынынан кейін инфрақұрылымды қалпына келтіруге төтенше резервтен қосымша 22,7 млрд теңге бөлді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. 

Қаулыға сәйкес, бөлінген қаржы Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жол және көпірлер мен арықтарды қалпына келтіру, реконструкциялау үшін әкімдіктерге беріледі.

«Бөлінген қаражат жергілікті атқарушы органдарға тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін су тасқынынан кейін бүлінген жол бөліктерін уақытылы қалпына келтіруге мүмкіндік береді», – делінген Үкімет хабарламасында.

Дәлірек айтқанда, Ақтөбе облысында 31 жоба жүзеге асады. Негізгі жобалар қатарында Ырғыз – Нұра, Ырғыз – Құттыкөл, Құмтоғай автожолдарындағы су өткізгіш құбырларды, Ойыл ауылына апаратын автожолды жөндеу, Ойыл өзеніндегі көпірді қайта жаңғырту, сондай-ақ Әйтеке би ауданы Әйке ауылындағы көпір өткелі құрылысы бар.

Ақмола облысында 14 жоба: Атбасар қаласына кіре беріс жол, Атбасар – Сочинское автожолы, Жалтыр – Макинск автожолы, Қалқұтан ауылына, Жамбыл және басқа да елдімекендерге кіреберіс жолдарды жөндеу жұмыстары. 

Қостанай облысында 22 бағыт бойынша жолдар, көпірлер және 10-ға жуық су өткізгіш құбырларды жөндеу қажет.

Солтүстік Қазақстан облысында 10 жол бағытын, оның ішінде Көкшетау – Омбы бағытындағы жолды жөндеу, сондай-ақ 22 шақырым су өткізгіш құбырларға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Осыған дейін Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті су тасқынынан зардап шеккен мектептерді қалпына келтіруге Үкімет резервінен 7,5 млрд теңге бөлуді сұраған.

Сондай-ақ оқыңыз