Lifestyle

Арыстанбек Мұхамедиұлына тиесілі болған спорт мектебі мемлекетке қайтарылды

Мұхамедиұлына арзан бағамен сатылған мектеп мемлекетке қайтарылды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Бұрынғы мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына тиесілі болған Алматы қаласындағы спорт мектебі мемлекет меншігіне қайтарылды.

«Бұрынғы мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына тиесілі су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі мемлекетке қайтарылды», – делінген Алматы қалалық прокуратурасының хабарламасында.

Ақпаратқа сүйенсек, Алматы қаласы Жетісу ауданы прокуратурасының талап-арызы бойынша құны 1,2 млрд теңге болатын мемлекеттік мүлік қайтарылған.

2024 жылдың 17 шілдесінде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлік мектебін сату жөніндегі мәмілені жарамсыз деп тану туралы шешімі заңды күшіне енген.

Сот мектепті нарықтық құны төмендетіліп, 551 млн теңгеге заң бұзушылықтармен сатылғанын растаған.

7,6 мың шаршы шақырымда жатқан спорт мектебінің әкімшілік ғимараттары, спорт залдары және басқа да мүлкі, сондай-ақ 4,9 га бос аумағы болған. Мұны бәріне Nomad’s Land ЖШС иелік еткен. Прокутура ақпаратына сүйенсек, бұл компания Арыстанбек Мұхамедиұлымен аффилиирленген тұлғаларға тиесілі.

EGov ақпаратына сүйенсек, Nomad’s Land компаниясының басшысы Қайнар Шакиров, ал құрылтайшысы Әмір Ахметов.

2024 жылы 5 шілдеде Астананың апелляциялық сот алқасы бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның әйелі Ғалия Ысқақова, экс-министрдің адвокаты Мұстақым Төлеевке қатысты үкімді қарап, алғашқы инстанция шешімін өзгеріссіз қалдырған.

Айта кетейік, 2024 жылдың 13 ақпанында осы қылмыстық іс бойынша Арыстанбек Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Әйелі Ғалия Ысқақова парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынып, 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Мұстақым Төлеев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.