«Қазатомөнеркәсіптің» еншілес компаниясы Шығыс Қазақстандағы «Қаражал» кен орнында сирек кездесетін металдарды барлау алаңын ұлғайтады
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес кәсіпорны – «Үлбі металлургия зауыты» АҚ Абай облысындағы «Қаражал» кен орнының қосымша учаскелерінде қатты пайдалы қазбаларды барлауға тағы бір лицензия алды.
Бұл құжат тантал, ниобий және бериллий сияқты сирек металдардың қорларын бағалауға бағытталған. Сол арқылы зауыт геологиялық барлау саласын едәуір кеңейтпек. Жер қойнауын геологиялық зерттеу нәтижелері кен орнын игерудің болашақ перспективаларын анықтайды.
«Қаражал кен орнының жаңа учаскелерінде қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензия сирек металдардың ресурстық базасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл жоба «Үлбі металлургия зауытын» өзінің минералды-шикізат базасымен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосуды жалғастыра отырып, өңірлерде біздің қатысуымызды нығайтады», – деп атап өтті «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.
«Үлбі металлургия зауыты» – тантал, ниобий және бериллийді өңдеуден бастап жоғары сапалы дайын өнімдерді шығаруға дейінгі толық өндірістік циклі бар бірегей және әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Бүгінгі таңда зауыт бериллий өнімдерін өндіру бойынша әлемде 2-ші және тантал өнімдерін өндіру бойынша 4-ші орында.
Бұл қызмет «Қазатомөнеркәсіп»ҰАК» АҚ-ның сирек металл және жерде сирек кездесетін металдар саласындағы 2022-2029 жылдарға арналған ғылыми-технологиялық даму бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады.
Бұған дейін «Үлбі металлургия зауыты» Абай облысындағы «Қаражал» кен орнында қатты пайдалы қазбаларды барлауға бірінші лицензия алды.
Еске сала кетсек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ 2023 жылғы 31 желтоқсанда аяқталған жыл үшін дайындалған аудиттелген шоғырландырылған қаржылық есептілікті жариялады. Компанияның былтырғы таза пайдасы 580 млрд теңгені құрап, 23% артқан еді.