2024 жылғы 19 маусымда «Кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру жөніндегі» заңға өзгерістер енгізілді. Бұл ретте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қандай өзгерістер жүзеге асатыны туралы хабарлады.
Коллекторларға шектеу енгізілді
Заңға сәйкес 1 шілдеден бастап 2026 жылғы 1 мамырға дейін коллекторлық агенттіктерге азаматтардың кредиттері бойынша өндіріп алуға қатысты құқық беруге заң жүзінде тыйым салынды. Ал банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар азаматтардың борыш жүктемесін азайту үшін берешекті қайта құрылымдауы керек. Сонымен қатар өсімпұлды, комиссияларды кешіру арқылы реттеу рәсімдерін жүргізеді.
«Бұл мораторий проблемалық берешек деңгейін және проблемалық қарыз алушылар санын азайтуға мүмкіндік береді», – деп хабарлады Агенттік.
Коллекторлар берешекті реттеу рәсімдерін жүргізуге міндетті
Бұған дейін азаматтардың кредиттері бойынша төлем мерзімі тұтынушылық кредит бойынша 90 күннен, ипотекалық кредит бойынша 180 күннен асып кетсе, қаржы ұйымдары өндіріп алу үшін коллекторлық агенттіктерге жүгінетін.
«Ал коллекторлық агенттіктерге өтіп кеткен азаматтар 2024 жылғы 1 қазаннан бастап берешегін реттеу рәсімдерін жүргізу үшін жүгіне алады. Коллекторлық агенттік борышкердің өтінішін қабылдауға, тіркеуге және қарауға міндетті», – деп хабарлады ведомство.
Егер ұсынылған мәліметтер жеткіліксіз болса, коллекторлық агенттік 10 жұмыс күні ішінде қосымша мәліметтерді сұратады. Бұл ретте борышкерге оларды ұсыну үшін 5 жұмыс күні беріледі. Егер құжаттар мерзімінде келіп түспесе, онда коллектор өтінішті қараусыз қалдыруға құқылы. Құжаттардың толық топтамасын ұсынғаннан кейін коллекторлық агенттік күнтізбелік 15 күн ішінде жауап беруге міндетті.
Басты жағымды жаңалық – коллекторлық агенттіктер , өсімпұлдар мен төлемдерді азайта алады
Коллекторлық агенттік міндеттемені орындау талаптарын жақсарту талаптарымен біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы.
«Бұл айыппұлдарды, өсімпұлдар мен төлемдерді азайтуды немесе жоюды, қарызды немесе пайыздарды толық немесе ішінара кешіруді, негізгі қарыз бен пайыздық төлемдерді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді қамтуы мүмкін», – деп жазылған құжатта.
Егер коллекторлық агенттік осындай жақсарту талаптарын қолданса, онда ол бұл жөнінде борышкерге хабарлауға міндетті. Қарыз алушы қолданылған жақсарту талаптарымен келіспеген жағдайда, хабарламаны алғаннан кейін 14 күн ішінде өтініш жібере отырып, олардан бас тартуға құқылы.
Еске сала кетсек, коллекторлық қызмет берешекті сотқа дейін реттеу тәртібі негізінде жүзеге асырылады.