2023 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі ақылы жолдардан шамамен 31,9 млрд теңге түсті.
Қазақстанда 17 ақылы учаске бар. Оның жалпы ұзындығы 3221 шақырымды құрады. Қомақты қаржы ақылы учаскелерді күтіп-ұстауға, оның ағымдағы жөндеу жұмыстарына және төлем алу жүйесінің бағдарламалық-аппараттық кешенін пайдалануға жұмсамақ.
Жиналған қаражат бірнеше негізгі бағыттар бойынша бөлінеді. Ол жолдарды тиімді пайдалануға әрі оны қажетті жағдайда ұстап тұруға мүмкіндік береді. Шығындардың негізгі бағыттары:
- Учаскелерді күтіп-ұстау;
- Төлем алу жүйесінің бағдарламалық-аппараттық кешенін пайдалану;
- Төлем алу жүйесінің бағдарламалық-аппараттық кешенін күтіп-ұстау қызметі;
- Әкімшілік-басқару.
«Қазақстанның ақылы жолдары дамып жатыр. Оларды пайдаланудан түскен қаражат қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етуде және жол инфрақұрылымын жақсарту үшін маңызды қаржыландыру көзі болмақ», – деп хабарлады «Қазавтожол».
Бұған дейін Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда ақылы жолдар тарифі 20%-ға қымбаттауы мүмкін деп мәлімдеді. Бұл ретте, жергілікті жүргізушілерге тиісті жеңілдіктер қарастырылады. Негізгі жүктеме ел арқылы өтетін транзиттік автокөліктерге бағытталады.
Министр тарифті көтеру мәселесін бұған дейін көтерген еді. Айтуынша, Қазақстанда 2013 жылдан бері ақылы жолдың тарифі өзгермеген. Марат Қарабаев тарифті көтеру арқылы ақылы жолдың сапасын жақсартамыз деген болатын.